Түркия Президенті Ұлттық ұлан офицерлеріне диплом табыстады

Түркияның Анкара қаласында Жандармерия және жағалау күзеті Академиясы түлектерінің салтанатты шығарылымы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түлектер қатарында – Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының тоғыз жас офицері де бар
Іс-шараның мәртебелі қонағы ретінде Түркия Республикасының Президенті қатысты. Режеп Тайып Ердоған Ұлттық ұланның лейтенанты Асхат Сұлтанахметке Академия дипломын өз қолымен табыстады. Бұл оқиға Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықтың айқын көрінісі болды.
«Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясынан Түркия мемлекетіне Анкара Жандармерия Академиясына оқуға түстім. Мұнда бес жыл білім алдым. Бауырлас елден алған біліміміз алдағы жұмысымызға көмегін тигізеді деген ойдамыз», - деді Жандармерия және жағалау күзеті Академиясының түлегі Асхат Сұлтанахмет.
Түркия тарапының ресми шақыруы бойынша салтанатты рәсімге еліміздің құқықтық тәртіп әскерінен арнайы делегация қатысты. Делегацияны Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков бастап барды.
Сапар барысында қазақстандық өкілдер Жандармерия және жағалау күзеті Академиясының жеке құрамды даярлау жүйесімен және заманауи әскери білім беру әдістемелерімен танысты. Сонымен қатар делегация Жандармерияның Логистика қолбасшылығында, арнайы мақсаттағы JÖAK бөлімшесінің оқу орталығында, сондай-ақ байланыс электрондық жүйелері мен ақпараттық жүйелерді басқару орталығын көрді. Сапар барысында Аңсаған Скендірұлы Жандармерияның Бас қолбасшысы армия генералы Али Чардакчымен кездесті. Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының Түркияға сапары әскери саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам.
Бұл сапар тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы мен Түркия Жандармериясы арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға жол ашты.