Түркістан облысының диқандары қауынның алғашқы өнімін жинады


Суармалы судың егістікке ерте берілгенінің арқасында Түркістан облысы Жетісай ауданының диқандары қауынның алғашқы өнімін мерзімінен бұрын жинады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Түркістан облысының «Қазсушар» филиалының мәліметінше, бүгінгі таңда Жетісай ауданының диқандарына 12 578 гектар ауыл шаруашылығы жерін суару үшін 39,5 млн текше метр су берілген. Бұл алқаптарда негізінен бақша дақылдары өсіріледі.
«Облыс диқандарына суармалы су наурыз айынан беріле бастады. Суды тек біздің филиалмен арнайы келісімшарт жасаған шаруашылықтар ғана алып отыр. Қазіргі таңда өңірдегі шаруа қожалықтарымен 275 мың гектардан астам алқапқа жалпы көлемі 2,4 млрд текше метрден астам су беру жөнінде 8 892 келісім жасалған. Қазірдің өзінде өңір диқандарына 672,8 млн текше метр су берілді», – деді Түркістан облысының «Қазсушар» филиалының директоры Қазыбек Бедебаев.

Шаруалар алған өнімге риза.
«Биылғы алғашқы өнімімізді алып үлгердік. Көктем ерте шыққандықтан қауын да уақытынан бұрын пісті. Қажетті суды дер кезінде жеткізіп беріп отырған «Қазсушар» ұжымына алғысымыз шексіз. Осы еңбектің арқасында қауын да ертерек пісті»,- дейді шаруа қожалығының төрағасы Әлфараби Күзенбаев.