Түркістан қаласында наурыз көже пісіруден рекорд орнатылады

13 наурыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Түркістан қаласында наурыз көже пісіруден рекорд орнатылады
фото: Түркістан облысының әкімдігі

Бұл туралы Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов брифингте мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Түркістанда 19 наурыз күні «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» тақырыбында туристік маусымы ашылады. Бұл шара өңірдің туристік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жақсарту және қонақтарға жоғары деңгейде қызмет көрсету мақсатында ұйымдастырылады.

«Биыл өңіріміз үшін тарихи оқиға орын алуда. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы Заң қабылданды. Бұл құжат - қаланың халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналуына үлкен мүмкіндік береді. Жоспарға сәйкес, өңірге келетін туристер санын арттырып, Түркістанның мәдени және рухани мұрасын кеңінен насихаттау көзделіп отыр» - деді басқарма басшысы.

Іс-шара барысында 2,5 тонна наурыз көже дайындалып, Қазақстанның «Гиннес» рекорды жаңартылмақ. Сонымен қатар, шаһарда 19 наурыз күні «Түркістан-түркі әлемінің рухани астанасы» республикалық туристік форумы өтеді. Жиынға Орталық Азия елдерінің туризм саласындағы бизнес өкілдері, қолөнершілер қатысуы жоспарланып отыр.