Су тасқынына қарсы 10 мыңға жуық әскери қызметші жұмылдырылуы мүмкін

4 наурыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Су тасқынына қарсы 10 мыңға жуық әскери қызметші жұмылдырылуы мүмкін
Фото: Ұлттық ұлан баспасөз қызметінен

Жыл сайын Қазақстанның кейбір өңірлерінде су тасқыны болу қаупі туындайды. Өткен жылдардағы тәжірибені ескере отырып, атқарушы және күштік органдар алдын ала дайындалады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Олар қорғаныс бөгеттерін, жағалау аймағын нығайтады және т.б. ҚР ІІМ Ұлттық ұланы өткен көктемгі маусымдарда өз әлеуетін көрсеткен болатын және биыл да халыққа көмектесуге дайын.

Ұлттық ұлан күштері мен техникалары табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою шараларына жұмылдырылады. Бұл қолданыстағы заңнама, ережелер, нұсқаулықтар, бұйрықтар және азаматтық қорғау саласындағы жоспарлар негізінде ұйымдастырылады.

«Әскери резервтегі жедел құтқару жасақтарының саны 1 600 әскери қызметшіге дейін жетеді, олардың қарамағында 60-тан астам техника бар. Төтенше жағдай аймағындағы топтарды күшейту үшін қосымша 10 мыңға жуық әскери қызметші және 350-ден астам құқықтық тәртіп әскерлерінің техникасы жұмылдырылуы мүмкін», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар қажеттілік туындаса, Ұлттық ұлан авиациясы төтенше жағдайларды жою мақсатында Y8F200W ұшақтары мен Ми-171Е тікұшақтарын бөледі. Тек өткен жылы апаттық аймақта әуе техникасы 46 рет ұшақпен, 115 рет тікұшақпен ұшты.

Жалпы, 2024 жылдың наурыз-маусым айларында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысу үшін ҚР Ұлттық ұланы 3,5 мыңға жуық әскери қызметшіні, 150-ден астам автомобиль және арнайы техниканы бөлді. Нәтижесінде 5,5 мыңнан астам адам эвакуацияланды, оның ішінде 501 адам авиация арқылы құтқарылды.

Айта кету керек, былтыр ҚР ІІМ Ұлттық ұланының жеке құрамы шамамен 3 мың тонна гуманитарлық көмекті тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізіп, 15 мың метрден астам арықты тазартты. 2 миллионнан астам қапшық дайындап, төседі. Сондай-ақ 130 мың метрге жуық жағалауды бекіту жұмыстары үшін 5,5 мың тоннадан астам топырақ тасымалданды.