Әскери қызметшілер Димаш Құдайбергеннің шығармашылық челленджін қолдады


Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Димаш Құдайбергеннің шығармашылық челленджін қолдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген бастаған шығармашылық челленджге қолдау білдіріп, отандық өнер мен мәдени мұраға деген құрметін көрсетті.
Ұландықтардың қатысуымен түсірілген бейнеролик челлендждің ерекше көріністерінің біріне айналды. Онда әскери қызметшілер саптық дайындық пен заманауи хореография элементтері үйлескен әсерлі би орындады. Қозғалыстар ұлттық нақыш пен музыкалық ырғақтың көркем үйлесімдігін білдіреді.
Бұл бастама – мәдениет пен әскери қызметтің өзара үндесе алатынын, олардың ел бірлігі мен мақтаныш сезімін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын көрсетті.
«Біз үшін бұл жай ғана интернеттегі флешмоб емес, біз ұландықтардың тек жарғыны бұлжытпай орындайтын сарбаздар ғана емес, өз елін, оның табиғатын, өнерін шын жүректен сүйетін азамат екенін көрсеткіміз келді», - деді түсірілімге қатысқан Әсел Мұханбетзәкір.
Бұл шығармашылық бастаманың негізіне Димаш Құдайбергеннің «Тау ішінде» атты жаңа бейнебаяны арқау болды. Әннің сөзін қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті ақын әрі жазушы - Сәкен Сейфуллин жазған.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің бұл челлендж аясындағы өнері тың әрі әсерлі форматымен ерекшеленді. Ол өнердің шекарасы жоқ екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.