Шілде айында қай өңірлерде құрғақшылық болуы мүмкін
Қазгидромет өңірлердегі құрғақшылыққа қатысты болжамды жариялады, деп хабарлады Elorda.info.
Синоптиктердің болжамына қарағанда, шілде айында Қазақстан аумағында ылғалдану жағдайы көбінесе көпжылдық мәндерге жуық болады. Алайда атмосфералық құрғақшылықтың басталу қаупі бар аумақтардың ауданы ұлғайып отыр.
Атмосфералық құрғақшылық келесі аймақтарда күтіледі:
Қостанай облысының Амангелді және Жангелді аудандарында;
Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында, Байғанин, Ойыл, Хромтау және Шалқар аудандарында;
Қарағанды облысының Шет ауданында;
Ұлытау облысының Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында;
Алматы облысының Балқаш және Жамбыл аудандарында;
Жамбыл облысының Мойынқұм, Жуалы және Т. Рысқұлов аудандарында;
Түркістан облысының Арыс, Созақ, Қазығұрт, Түркістан, Отырар және Бәйдібек аудандарында;
Қызылорда облысының Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі аудандарында;
Маңғыстау облысының Бейнеу, Маңғыстау және Қарақия аудандарында және Атырау облысының басым бөлігінде.
Шілде айында бірқалыпты ылғалды жағдай Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында, Ақмола облысының Сандықтау, Бурабай, Астрахан аудандарында және Степногроск қаласында күтіледі.
«Елдің қалған аумағында ылғалдану жағдайы осы ай үшін бірқалыпты жағдайға жуық болады деп күтілуде. Қажет болған жағдайда алдын ала болжам нақтыланады», - делінген хабарламада.