Сенатта жануарлардың жұқпалы ауруларының таралуын болдырмау туралы заң қаралады
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата бюросының отырысын өткізді. Онда депутаттар 3 қазан күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін белгілеп, Палатаның алдағы іс-шараларын пысықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Алдағы бейсенбіде сенаторлар «Биологиялық материал алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды. Құжаттың нормалары жануарлардың жұқпалы ауруларының таралуын болдырмауға, аса қауіпті аурулардың зертханалық диагностикасын жетілдіруге, сондай-ақ микроорганизмдердің (штаммдардың) ұлттық коллекцияларын толықтыруға және Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарын эпизоотиядан қорғауға бағытталған.
Сонымен қатар аталған халықаралық құжатта тараптардың эпизоотиялық ахуалы мен ғылыми мүдделерін ескеретін аккредиттелген және референттік зертханаларда биологиялық материалға зертханалық зерттеулер жүргізу қарастырылады. Материалды іріктеу, қаптау және тасымалдау халықаралық стандарттарға, оның ішінде Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын қорғау ұйымының ұсынымдарына сәйкес іске асырылады.
Сондай-ақ бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін тұрақты комитеттерге бөлініп берілді.