Полицейлер 16 млн теңге қарызы бар жүргізушіні анықтады
Түркістан облысында полицейлер 16 млн теңге қарызы бар көлік жүргізушісін анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полицияға республикалық маңызы бар Шымкент – Самара тасжолында іздеуде жүрген Haval көлігінің банк есебіне өтелмеген 16 миллион теңгеден астам қарызы бар екені белгілі болды. Ақпарат бойынша бірден іске кіріскен патрульдік полиция батальонының қызметкері аталмыш көлікті тоқтатты.
«Ер адамның банкке несие бойынша қомақты қарызы бар екені анықталды. Ол соңғы 9 айдан бері қарызын төлемей жүргендіктен, полицияға сот орындаушысынан қаулы келіп түскен. Көлік Ордабасы ауданындағы арнайы айыптұраққа қойылды. Полиция облыс тұрғындарына қандай да бір төленуі тиіс берешегі болса, уақытылы өтеуге шақырады. Сондай-ақ кез келген құқық бұзушылық үшін заң аясында шара көрілетінін хабарлайды», - деп жазылған хабарламада.