Павлодарда мүгедектердің 90 млн теңгеге жуық қаражатын жымқырған шенеуніктер сотталды
Павлодар қаласының № 2 соты аса ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасаған қалалық әкімдік пен Павлодар ауданы әкімі аппаратының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Elorda.info.
2022 жылғы тамыздан 2023 жылғы қыркүйекке дейінгі кезеңде Павлодар қаласы әкімдігінің және Павлодар ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері мүгедектердің жеке көмекшілерінің жұмысы үшін заңсыз ақы төлеу арқылы бюджеттен 89 миллионнан астам теңгені жымқырған.
Сотталушылар кінәларын толық мойындады және залалды өтеді. Сот кінәлі тұлғаларға ҚК-нің 55-бабының 4-бөлігі негізінде 3 жыл 6 айдан бастап, 5 жыл 6 айға дейін бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады. Сотталғандарға жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау, мәжбүрлі еңбекке тарту және міндеттер белгіленеді, - деді қалалық соттың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ сотталғандар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.