Министрлік ақбөкен етін өңдеу тәртібін түсіндірді


Ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік желілер мен БАҚ-та киік етін тұтыну кезінде жұқтыру қаупі туралы жарияланымдарға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Киік санын реттеу жұмысын «Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлері жүзеге асырады. Сойылған киік ұшалары мұздатқышқа салынып, сою пункттеріне жеткізіледі. Жануарлардың аса қауіпті ауруларын (ұсақ күйіс қайыратын жануарлардың обасы, аусыл, бруцеллез, пастереллез, сібір жарасы және тағы басқа) болдырмау мақсатында киіктердің популяциясына Ұлттық ветеринария референттік орталығы тұрақты түрде эпизоотиялық мониторинг жүргізеді.
Сонымен қатар, киіктердің жайылымы мен суаттарда ветеринариялық қызмет тұрақты түрде мониторингтік зерттеулер жүргізіп отырады. Киіктерді сою және биологиялық қалдықтарды залалсыздандыру бойынша тиісті нормативтер қабылданған. 2023 жылғы 27 қарашада ҚР СТ «Сайғақ еті бұқтырылған. Техникалық шарттар» және ҚР СТ «Сайғақ еті — тұтас және жартылай ұшалар. Жалпы техникалық шарттар» ұлттық стандарттары бекітілген, — делінген хабарламада.
Бүгінде 6 өңірде 24 киік сою пункті бар. Союға арналған объектілер ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай (мал союға арналған арнайы бөлмелер, тоңазытқыш камералар, ұшаларды ілуге арналған құралдар, сумен жабдықтау және т. б.). Ұшалар сою орындарына жеткізілген соң, олар ветеринариялық дәрігерлердің бақылауынан өтіп, ветеринариялық-санитариялық сараптама жасалады.
Киік етіне міндетті зерттеу жүргізіледі, оның ішінде ұша, ішкі ағзалары мен басының органолептикалық қараудан өтеді. Барлық қолжетімді лимфа түйінді жарып, ішкі ағзалары тіліп тексеріледі, сонымен қатар қайнату сынамасы, финнозға (цистицеркоз) зерттеліп, жалпы радиациялық фонды анықтайды. Ұшаның ветеринариялық талаптарға сәйкестігі анықталған соң, ет әрі қарай бөлшектеліп, өңделеді, ал қалдықтар залалсыздандырылады. Киік еті қолданысқа жіберер алдында ветеринариялық дәрігердің анықтамасы беріледі. Ол құжат өнімнің шыққан жерін, қауіпсіздігін және сапасын растайды, — делінген хабарламада.
Ескеретін жайт, киік еті ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік талаптарына сай болуы қажет. Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңының 22-бабына сәйкес, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты ветеринариялық-санитариялық сараптамасыз өткізуге тыйым салынады.
Сонымен қатар, сауда нысандарында ветеринариялық инспекторлар күнделікті бақылау жүргізеді. Олар ветеринариялық анықтаманың және сою орнының таңбасының болуын, өнімді тасымалдау кезінде температуралық режимнің сақталуын, зертханалық бақылау нәтижелерін тексереді. Осыған байланысты, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті тұтынушыларға киік етін арнайы белгіленген орындардан және ветеринариялық ілеспе құжаттар болған жағдайда ғана, тамақтану және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес сатып алуды ұсынады,- делінген хабарламада.