Мектепте тамақтанудың жаңа стандарты 1 қыркүйектен бастап енгізіледі

26 наурыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Мектепте тамақтанудың жаңа стандарты 1 қыркүйектен бастап енгізіледі
Фото: Оңалхан Өнерхан

Биыл білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарты қабылданды, ол 1 қыркүйек айынан бастап қолданысқа енгізіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz

Жаңа тамақтану стандартында балаларды қауіпсіз және сапалы тамақтанумен қамтамасыз ету бойынша халықаралық талаптар ескерілген.

«Артықшылығы – тұзды, қантты және майды тұтынуды азайту, ас мәзірінде көкөністер мен жемістерді көбірек қолдану. Құрамында қанты бар сусындар мен шырындарды газдалмаған суға, сүтке, ашытылған сүтті сусындарға, жеміс шайлары мен компоттарға алмастырады», - дейді Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Тамақтану стандартында ерекше диеталық қажеттіліктері бар оқушыларды тамақтандыру бойынша ұсыным қарастырылған. Сондай-ақ ас блоктары жоқ шағын жинақталған мектептерде тамақтануды ұйымдастыру көзделген.

Бұдан басқа алғаш рет жеуге жарамсыздық индексі (тамақ қалдықтары) тұжырымдамасы енгізілді.

Қазіргі уақытта жаңа оқу жылына дейін білім беру ұйымдарында стандартты дайындау және енгізу жоспары әзірленіп жатыр.