Мейрамбек Бесбаевқа ән жазғым келеді - сазгер
Соңғы уақытта Садраддин мен Қайрат Нұртасқа хит ән жазып жүрген сазгер Ильхам Ихсан «1001 түн» бағдарламасында сұхбат берді, деп хабарлады Elorda.info.
Қазақ эстрадасында ойып орын алар әнші Қайрат Нұртас әрдайым трендте. Сахнаға шыққанына 20 жылға жуық уақыт болған өнер иесі қазірдің өзінде жастардың талғамына сай ән жазуын тоқтатар емес. Ал бүгінде тыңдарманның сүйіктісіне айналып, әр туындысын үздіктер қатарына енгізетін әнші Садраддин екені айтпаса да түсінікті.
Осы тұста көпшілік хит әндердің жарыққа шығуына үлес қосқан жандарды назардан тыс қалдыратыны өтірік емес. Ал «1001» түн бағдарламасына қонаққа келген Ильхан Ихсан хиттің артында сазгер мен ақынның ауыз толтырып айтарлық еңбегі тұрғанын дәлелдеді.
Ол сұхбат барысында трендке шыққан «Сен менің адамымсың», «Аман болшы, сүйгенім», «Қанша күн?», «Мақта қыз», «Неге арман?» , «Марс», «Ол ару» әнін орындап берді.
Сазгерлік қырын әлемдік пандемиядан кейін танытқан Ильхан Ихсан хит әндерді өзі орындамағанына еш өкінбейтінін атап өтті.
Бұл әндерді сол әншілерге арнайы шығарғанмын. Ешқандай өкініш жоқ. Арамызда ақша да жүрмейді. Бәрі достарым. Өздері кейін рахмет айтады. Ақшалай болмаса да, сыйлықтары бар. Өзім Мейрамбек Бесбаевқа ән жазғым келеді немесе дуэт айтсам деймін, - дейді сазгер.
Айта кетейік, қазан айында Алматыда Ильханның жеке концерті өтеді. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ал аталған хит әндердің орындаушылары концертке қатысады.