00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Мұнтаздай таза үйдің 4 құпиясы

4 қыркүйек, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Мұнтаздай таза үйдің 4 құпиясы
фото: Elordainfo

Үйлері қашан барсаң да тап-тұйнақтай болып тұратын таныстарыңыз бар шығар? Еlorda.info тілшісі бұл мақалада олардың құпияларын ашатын болады. 

Дегенмен біз үнемі қолынан шаңсорғыш пен шүберек түспейтіндерді есепке алмаймыз, тазалықты аса көп күш кетірмей сақтайтын жандар туралы айтпақпыз. 

Үйді үнемі дерлік таза да жинақы ұстауға көмектесетін бірнеше әдеттер бар. Міне, сол төрт әдетті ұстансаңыз, сіз де тазайымдардың қатарына енесіз. 

 

Затты көп жинамау

Кеңістікті ыңғайлы етудің ең тиімді жолы -  артық заттан арылу. Ыбырсыған дүние жоқ болса, оны реттеп жинаудың да қажеті жоқ қой. Сондықтан сіз бірінші сөмкеңізде жиналып қалған чектерді, қағаз қиындыларын және төлем парақтарын лақтырып тастаңыз. «Кейін соған қарап отбасы бюджетін жоспарлаймын» деп өз-өзіңізді алдарқатпай-ақ қойыңыз. Оны жасамайтыныңыз айдан анық.

Әрі қарай «бір күні түймесін қадаймын, жыртығын жамаймын» деп алып қойған киімдеріңізді лақтырып тастасаңыз да болады. Өйткені сіз мұны бірден жасамаған болсаңыз, кейін де қолыңыз босамасы анық. 

Таза болу мен мұқият болудың айырмашылығы 

Үйдің шаңы қанша сүртілсе де, ойыншықтар мен киімдер шашылып жатса, тазалық көрінбейді. Асүйде ыдыс-аяғыңыз жуылып тұрғанымен, үстелдің үстінде ретсіз тұрса да солай, үйіңіздің жиналғаны білінбей қалады. Ал керісінше бұрыштарда сәл-пәл шаң болғанымен, заттар өз орнында тұрса, сіз «айналам қопырап тұр-ау» деген мазасыздықтан арыласыз. 

 

Үйді жинау үшін қолайлы сәтті күтпеу

Сізге үйіңіз отыз адам қонақ болып кеткендегідей күйде болғанша күтудің қажеті жоқ. Бар күш-жігеріңізді сарп етудің де аса керегі шамалы. Тек қана күнделікті бірнеше әдетті қайталап жүрсеңіз жеткілікті. 

Мысалы, ұйқыдан тұрған соң төсегіңізді жинап тастаңыз, жуылған киімдеріңізді кепкен бойда комодқа салып қойыңыз, үйге келген соң киіміңізді шкафқа іліп жіберіңіз, жуынып болған соң айнаны сүртіп алыңыз, сонда үйіңіздегі тазалық пен ұқыптылық ұзаққа дейін сақталады. Әрі үй жинауға толық демалыс күніңізді арнамайтын боласыз.

Ұсақ-түйекке бір жәшік арнау

Бұл кеңес алдыңғы айтқандарымызға парадокс сияқты көрінген шығар? Дегенмен сіз барлық нәрсені бір мезгілде реттей алмайсыз ғой. Сондықтан шашылып жатқан немесе қажет емес заттарға арналған бір жәшік шығарып қойыңыз. Әр апта сайын ондағы заттарды іріктеп, керегін қалдырып, керек емесін лақтыратын боласыз.