Ұлттық ұлан кинологтары иттердің көмегімен 200 келіден астам есірткі заттарын тапты

Бүгін, 14:13
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views45
Ұлттық ұлан кинологтары иттердің көмегімен 200 келіден астам есірткі заттарын тапты
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен

Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінің кинологиялық орталығында алғаш рет голландиялық овчаркалардың күшіктері өмірге келді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
 

2024 жылы азаматтық ұйымдардың қолдауымен алынған иттен барлығы он голландиялық овчарка күшігі дүниеге келді. Алдағы уақытта олар Ұлттық ұлан сапына қосылып, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға үлес қосатын болады. Атап айтқанда олар қылмыспен күреске, есірткі мен жарылғыш заттарды іздеуге, көшелерді патрульдеуге және маңызды нысандарды қорғауға жұмылдырылады.

Голландиялық овчаркалар -төзімділігімен, адалдығымен және жоғары зияткерлік қабілетімен танымал. Осы қасиеттер олардың құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі рөлін ерекше маңызды етеді. Бұған дейін орталықта негізінен неміс және бельгиялық овчаркалар өсірілсе, енді қызметтік ит тұқымдарының қатарын голландиялық овчаркалар да толықтырды.

Күшіктер алты айлығынан бастап белсенділігі мен қабілеттеріне қарай әртүрлі бағыттарға бөлінеді. Бірі – есірткі заттарын іздеуге, екіншісі – жарылғыш заттарды анықтауға, үшіншісі – патруль қызметі мен құқық бұзушыларды ұстауға машықтанады. Қызметтік-іздестіру иттері кейін қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, заңдылықты сақтау мен тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосады.

«Тек 2025 жылдың тоғыз айында ғана Ұлттық ұлан кинологтары 3500-ден астам тапсырманы орындады. Соның ішінде жүзге жуығы өз нәтижесін берді: қызметтік иттердің көмегімен 60-тан астам құқық бұзушы ұсталды; 200 келіден астам өсімдік және синтетикалық есірткі заттары табылып, тәркіленді; жалпы құны 1,7 млн теңгеден асатын ұрланған мүлік қайтарылды; 14 суық қару, 2 атыс қаруы және 1 травматикалық қару анықталды; 17 із-түзсіз жоғалған азаматтың орналасқан жері белгіленді», - деп жазылған хабарламада.