Ұлттық экономиканың жоғары технологиялық секторын құруға мүмкіндік береді – Дәурен Әбен
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен бейбіт атом энергетикасының әлеуетін пайдалану біздің елімізде ұлттық экономиканың жаңа жоғары технологиялық секторын құруға мүмкіндік беретінін жеткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, алдағы референдумда ел азаматтарының басым бөлігі АЭС құрылысын қолдап дауыс берсе, Қазақстанда қауіпсіздік жүйесі күшейтілген 3+ буынына жататын заманауи ядролық реакторлар орнатылған АЭС салынады.
Оны салу кезінде анағұрлым озық және қауіпсіз технологиялар мен материалдар, жаңартылған және сенімді қорғаныс құралдары мен энергия көздері пайдаланылады. Бұл «адам факторының» әсерін және апат ықтималдығын барынша азайтады. Бұл мәселеде мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті АЭС салу емес, Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету екенін түсіну маңызды. Осы міндеттің өзектілігі көршілес елдерден электр энергиясын қымбат бағаға сатып алу есебінен жабылатын ел экономикасы мен халқының энергияға сұранысының артуынан пайда болған электр қуатының жетіспеуімен, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған генерация нысандары мен электр желілерінің әбден тозуымен байланысты. Энергетика саласы мамандарының пікірінше, атом энергетикасы бірқатар объективті факторлардың, соның ішінде ауа райына тәуелді болмауы арқасында, бүгінгі күні дәстүрлі сарқылатын энергия көздеріне жалғыз ұзақ мерзімді және тұрақты балама болып қала береді. Сондықтан отандық энергия өндіру қуатын кеңейту және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үкімет АЭС салуды таңдап отыр.
Бүгінгі таңда Қазақстанда орнатылған энергия шығаратын нысандардың 80%-дан астамы қазба отынмен жұмыс істейді. Ал электр энергиясының 70%-дан астамы көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станцияларында өндіріледі. Мұндай станциялар парниктік газдардың, оның ішінде ауыр металдар мен радионуклидтердің, көп мөлшерін атмосфераға шығаратыны айтпаса да түсінікті. Нәтижесінде Қазақстан жалпы ішкі өнім бірлігіне келетін парниктік газдар шығарындылары бойынша әлемде алғашқы орындарда тұр. Көмірқышқыл газды мейлінше аз шығарып энергия өндіретін АЭС құрылысы елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға және біздің елімізге көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындауға көмектеседі. Сонымен қатар АЭС арқылы энергия көздерін әртараптандыру елдің өндірістік және ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтады: жоғары технологиялық салаларды, оның ішінде қосылған құны жоғары ядролық өнімдерді өндіруді және ядролық медицина сияқты салалардағы зерттеулер мен инновацияларды дамытуға мүмкіндік туғызады.
Электр қуатының тапшылығы қазірдің өзінде еліміз үшін едәуір проблемаға айналып отыр, ал болашақта ол үлкен сынаққа айналады. Ел ішінде электр қуатын жеткілікті түрде өндірмесек, біз энергетикалық тәуелсіздігімізді жоғалтып, қоғамымыздың дамуын бәсеңдетеміз. АЭС салу арқылы мемлекет бұл сынға лайықты жауап беруге және алдын алу шараларын қабылдауға ұмтылуда. Осы тұрғыдан алғанда, АЭС энергия тапшылығы мәселесін шешудің тиімді жолдарының бірі.
Экономика электр қуатымен жеткілікті түрде қамтамасыз етілмесе жұмыс істей алмайды, ал АЭС-тің негізгі мақсаты – тұрақты және ұзақ мерзімді негізде электр энергиясын өндіру. Қазақстанда халық саны өсіп, жаңа өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы нысандары пайда болуда, көлік-коммуникация инфрақұрылымы кеңейіп келеді. Мұның барлығы электр энергиясының көп мөлшерін қажет етеді. Қазақстан экономикасының болашақтағы өсуі тұрақты электр энергиясын өндіруді қамтамасыз ете алуымызбен тікелей байланысты, ал АЭС басқа көздермен үйлескенде бұл мақсатқа жетуге көмектеседі.