Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов бар ақшасын алаяқтарға беріп қойған
Белгілі әнші, сазгер Роза Әлқожа халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановқа сәлем бере барған, деп хабарлады Elorda.info.
Өнер иелері саумалханада бас қосып, ән мен жырдан шашу шашты.
«Сазгер, әнші, ұстаз Бағлан Бәбіжан құрбымыз біраздан бері «ағаға барып қайтайық» деп жүрген. Кеше соның сәті түсті. Халық әртісі, бүгінгінің аңызы Нұрғали Нүсіпжанов ағамызға сәлем беріп бардық. Биыл сахнада жүргеніне 70 жыл толады екен. Өзі 87-ге келіпті. Саумал орталығында жиылғандар ән сұраған соң шама келгенше бірнеше ән орындадық. Аға жер үй сатып алсам деп жинаған бар ақшасын Шәуілдірден келген бір алаяққа беріп, енді соны ала алмай пәтерде жүр екен...», – деп жазды әнші.
Сондай-ақ өнер иесі халық әртісінің ең үлкен арманын да айтты.
Өзім де кезінде ағадан сұхбат алған сияқты едім, бірақ шын ғұмыр-тарихын білмейді екенбіз ғой… Екі әйелден бес қыз көрген бұл кісінің орындалмаған арманы – ұлды болу. Ұрпағының жалғасын көргісі келеді екен. Жас жеңгеміз де ЭКО-ның бар ғаламатын көріп баққан, болмапты. Ендігі бар үміті – бала асырап алып, ағаның атына жаздыру. Баладай мәпелеп күтіп жүрген бұрынғы журналисті де аядым. Нұрғали Нүсіпжанов әлеміне бойлап, жазу-сызуын да ұмытыпты. Қайтпек керек?! Алла маңдайға берген болса бәрі де болар», – дейді әнші.