Халық «Не істейміз?» деген сұраққа жауап таба алмай сенделді – Нәзия Жоямергенқызы
Жер сілкінген сәтте алматылықтар: «Қанша балл? Қайда? Не істейміз?» деген сұрақтарға жауап таба алмай сенделген. Бұл туралы «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті, белгілі журналист Нәзия Жоямергенқызы айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Бүгін түнде Алматыда жер сілкінген уақытта журналист отбасымен үйінің ауласында болған. Тосыннан болған оқиғаны медиаменеджер былайша еске түсіреді.
Жер сілкінісі 2 рет болды. Біріншісі түнгі 00:00-де қатты болды. Ол шамамен 1 минутқа созылды. Бірақ үйімізде люстра, қабырғалар қозғалған жоқ. Діріл кейде білінсе, кейде байқалмады. Ал екінші рет болғанда біз бала-шағаны киіндіріп, далаға шықтық. Үйдің ауласында тұрдық, кейін көлікте отырдық. Ал сағат 1 жарымда біз үйге кірдік. Алайда үйге кірсек те, киімізді киіп, дайын отырдық. Ал сағат шамамен 02:00-де ТЖМ-нен ұялы телефонға «Ешқандай қауіп жоқ» деген хабарлама келді. Бірақ WhatsApp-тағы чаттарда “Жер сілкінісі таңғы сағат 05:00-де қайталанады» деген бейресми хабарлама тарады. Ресми түрде айтылмаса да, бәрібір қауіп , үрей болады емес пе? Сондықтан алаңдап, таңғы 05:00-ке дейін көз ілмедік- деді спикер.
Қуанышқа орай айтылған уақытта жер сілкінісі болмаған соң журналист отбасымен ұйықтағанын айтады.
Ковид енді басталып, карантин жарияланған кезде адамдардың мазасын жиі алған сиренасы қайда? Жер сілкінгенде алматылықтар: “Қанша балл? Қайда? Не істейміз?” деген сұрақтарға жауап таба алмай сенделді. Түнде сағат 00:00-де Төле бидің бойында ұзын-сонар кептеліс болды. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Біразға дейін құзырлы органдардан бірде-бір ресми ақпарат болмады. Кейбіреуіне ТЖМ хабарлама келгенін естідім. Мәселен, маған ондай хабарлама келген жоқ. Олар тек бәрі тарқаған уақыттта «даурықпаңыздар», «ешқандай жалған ақпарат тарқатпаңдар» деген сияқты хабарлама жіберді, - деді спикер.
Спикер түнде жер сілкінісі болған уақытта кейбір адамдар далаға жалаң аяқ, жалаң бас шығып кеткенін айтты.
Тіпті душтан шығып, бірден далаға шыққандар бар. Олар суық тигізеді. Салдарынан өмірбақи дертке шалдығуы мүмкін. Менің ойымша, халық үрейге бойалдырмас үшін құзырлы органдар ертерек қимылдау керек. Ресми әрі дұрыс ақпарат берілуі тиіс. Жер сілкінген кезде жиналатын орындардың мекенжайлары айтылуы керек. Мысалы, кейбір азаматтар таңға дейін мектептердің спорт залдарында болған. Себебі көбісі осындай уақытта қыстың көзі қырауда қайда жиналатынын білмеді. Өте қиын жағдай, - деді ол.
Табиғаттың тосын жағдайынан кейбір таксистер пайда тауып қалмақ болған.
Такси жүргізушілері 2-3 мыңға апаратын жерге тарифты бірден 15-20 мың теңгеге көтерген. Адамдар өмірін сақтап қалу үшін кез келген бағаға келісетіні сөзсіз. Олардың көбісі 1-2 қабатты қаланың сыртындағы үйлерге қарай қашты. Ал олар сол жаққа кеткен соң ұялы телефонға «ешқандай қауіп жоқ. Үйге кіре беріңіздер» деген хабар келді. Енді қаланың сыртына кеткендер бүгін қайтадан кері үйге келеді. Мұның барлығы адамға психологиялық, өте қатты ауыр соққы болды. Сондықтан құзырлы органдар дұрыс жұмыс істеуі керек, - деді Н.Жоямергенқызы.
Сонымен қоса, журналист қауіпсіздік шаралары дұрыс атқарылуы керектігін айтты.
Осындай жағдай қайталанбас үшін қасірет болмас үшін құзырлы орган, мемлекет дұрыс жұмыс істеуі қажет. Мәселен, мақтаған бір құрылыс компаниясы салған үйдің алынбайтын қабырғасында жарықшақ пайда болды. Оның барлығы бекер емес қой. Бұл жерде шыққан шығын емес, адам шығыны болудан сақтау. Алматы таулы әрі сейсмикалық аймақ. Сондықтан үй салынатын кезде құрылыс талаптары қатаң сақталуы керек, - деді спикер.
Нәзия Жоямергенқызы көрші елдерде болып жатқан жағдайлардан сабақ алғанынмыз жөн дейді.
Егер құзырлы органдар болашақта адам шығыны болмас үшін кеше түннен бастап жарияланған видеолардың нұсқаларын (фейк емес) алып, соларды бүге-шүгесіне дейін зерттеп, мониторинг жүргізгені жөн. Мысалы, Түркияда болған жер сілкінісінен кейін арнайы тексеріс жүріп жатыр. Мұндағы мақсат – талапқа сай еместерді алып тастау, әлсіз тұстарын күшейту. Басқаның қасіретінен, қателігінен сабақ алуымыз керек. Онсыз да 20 млн әзер жеткен қазақ халқының санын сақтап қалуымыз қажет, - деді ол.
Оның пікірінше, Алматы қаласына түбегейлі мониторинг жүргізілу керек.
Менің ойымша, Кенес одағы кезінде салынған панельді үйлердің арматурасы өте көп. Ол бекерден-бекер салынған жоқ қой. Мұндағы мақсат – адамдардың қауіпсіздігі. Ал қазір не көп? Құрылыс компаниялары көп. Шетелден келіп салып жатқандар да жетерлік. Олардың арасында біздің елдің жағдайын білмейтіндер бар. Әуелі зерттеу жүргізу керек. Мәселен, қауіпсіздік шаралары дұрыс сақталмаса, шара қолданылу қажет. Бізде көбінесе айыппұл салумен шектеледі. Ал қауіпсіздік шаралары қарастырылып жатқан жоқ, - деп сөзін түйіндеді Н. Жоямергенқызы.