Халықаралық іздеуде жүрген тағы бір азамат Түркиядан экстрадицияланды
Бүгін Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Түркиядан қазақстандық азаматты экстрадициялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Күдікті 2022-2023 жылдар аралығында Алматы қаласындағы коммерциялық ұйымның бухгалтері бола отырып, төлем тапсырмаларына жалған мәліметтер енгізу арқылы өзіне сеніп тапсырылған 27 миллион теңгеге жуық ақшаны заңсыз иемденген.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті қашып кеткен соң оған халықаралық іздеу жарияланды.
«Биыл тамыз айында ол Түркия аумағында ұсталып, содан кейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша қазақстандық құқық қорғау органдарына берілді. Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», - деді Бас Прокуратура.