00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«ELORDA CUP»: Бокстан алғашқы жарыс күні қалай өтті

13 мамыр, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«ELORDA CUP»: Бокстан алғашқы жарыс күні қалай өтті
Фото: Бокс федерациясы

Астана қаласында «Elorda Cup» халықаралық турнирінің алғашқы күні Париж Олимпиадасының 7 лицензия иегері жеңіске жетті, деп хабарлады Elorda info.

57 келіде Париж Олимпиадасының лицензия иегері, Әлем чемпионы Махмұд Сабырхан соқыр жеребенің арқасында 1/8 финалда Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2021) Даниал Шахбахшпен (Иран) жұдырық түйістірді. Нәтижесінде жерлесіміз 5:0 есебімен жеңіске жетті.

60 келіде Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2021) Серік Теміржанов 19 жастағы Шыңғыс Мусиновтан алғашқы раундта 2:3 есебімен жеңілгенімен, қалған уақытта таразы басын бұрып, жеңіске жетті.

67 келіде Жастар арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2022) Нұрбек Мурсал Тәжікстан өкілі Чонмухаммада Шеровқа еш мүмкіндік бермей, техникалық нокаутпен басым түсті.

71 келіде ұлттық құраманың капитаны, Әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов Қырғызстан боксшысы Жарқынбек Жақыпбек уулумен кездесіп, еш қиындықсыз 5:0 есебімен жеңді.

Осы салмақта ақпан айында Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған Аман Қонысбеков ресми түрде бірінші рет рингке шығып, Азат Иманберлиді 2 мәрте нокдаунға түсірді.

Қазақ рингінде жұдырықтасқаныма қуаныштымын. Алғашқы раундта қарсыласымды нокдаунға жіберсем де, бапкерлерім рингке бой үйрету мақсатында толық айқасқанымды қалады. Қазіргі уақытта Түркістан облысының атынан сынға түсемін. Жеке бапкерім — Мырзағали Айтжанов, - деді Аман Қонысбеков.

Естеріңізде болса, Аман 2023 жылы Өзбекстан чемпионатының жартылай финалында Әлем чемпионы Асадхужа Муйдинхужаевты нокдаунға жіберіп еді.

75 келіде ұлттық құраманың көшбасшысы Нұрқанат Райыс та Қырғызстан спортшысы Сырғақ Әбдіжапар уулуынан 5:0 есебімен басым түсті.

Ерлер бәсекесінде соңғы болып, Париж Олимпиадасының лицензия иегері, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев Қырғызстан боксшысы Бектұр Әлімбек уулуын 2-ші раундта мерзімінен бұрын тоқтатты.

Әйелдер бәсекесі

48 келіде Рио Олимпиадасының қатысушысы Олжас Сәттібаевтың шәкірті Әйгерім Сәттібаева бірінші айналымда Бақтыгүл Байбекованы 5:0 есебімен жеңді.

50 келіде Әлем чемпионы, Париж Олимпиадасының лицензия иегері Ю Ву (Қытай) Айым Жұмабайға өз шеберлігін көрсетті. Есеп: 5:0

52 келіде 2 дүркін Әлем чемпионы, Париж Олимпиадасының лицензия иегері Нихат Зарин (Үндістан) Жансая Рахымбердіні төрешілердің бірауыз шешімімен ұтты.

54 келіде жастар арасында Олимпиада чемпионы, Париж Олимпиадасының лицензия иегері Юан Чанг (Қытай) үндістандық Сониадан айласын асырды.

Ертең күндізгі сессия түскі 12:00-де басталады.

Қанат БАЙҰЗАҚОВ