Елімізде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам қоқыс жиналады

26 наурыз, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Елімізде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам қоқыс жиналады
фото: freepik.com

Бұл туралы Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Республикада жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам қоқыс жиналады. 2024 жылы қайта өңдеу деңгейі шамамен 26%-ды құрады, бұл жоспарланған 30%-дан төмен. Аталған мәселені шешу үшін министр мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетігін енгізуді ұсынды. Осы тетік шеңберінде ТҚҚ-ға шекті, экономикалық негізделген тарифті бекіту, сондай-ақ оны әкімдіктер деңгейінде белгілеу жөніндегі құзіретті айқындау ұсынылып отыр. Ол бойынша қазіргі және ұсынылатын тарифтер арасындағы айырмашылықты утиль алымдары есебінен жабу жоспарланып отыр»,- деді Ерлан Нысанбаев. 

Министрдің сөзінше, елімізде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу бойынша 67 жоба жүзеге асырылып жатыр. 

«Мемлекет басшысының ірі қалаларда қоқыс өңдеу зауыттарын салу жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін утильтөлем есебінен жеңілдетілген қаржыландыру механизмі бекітілді, жылдық 3 процентпен 15 жылға және екі жылға дейінгі демалыспен несиелер көзделген. Бүгінде министрлік әкімдіктер ұсынған құны 316,9 млрд теңгені құрайтын 67 жобаны мақұлдады, оның ішінде 43 жоба қайта өңдеуге бағытталған»,- деді экология және табиғи ресурстар министрі.