Елімізде кейінгі үш жылда 800-ден астам автокөлік заңсыз тіркелген


Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекет жаңа автокөліктерді елге әкелуді ынталандырады. Бұл ретте көлік құралының жасына қарай бастапқы тіркеу алымдарының мөлшерлемесі төмендетіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚМА-ға сілтеме жасап.
«Кейінгі үш жыл ішінде агенттіктің аумақтық департаменттері көлік құралдарын бастапқы тіркеу үшін алым төлеуден жалтару фактілері бойынша 88 қылмыстық істі тергеді. Бұл істер бойынша 1 800-ден астам автокөлік заңсыз тіркелген. Мемлекетке келтірілген залал 11,8 миллиард теңге болды. Күдікті ретінде 70 адам танылды, олардың қатарында әкімшілік полиция басқармасының басшылары мен қызметкерлері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері және нотариустар бар», – делінген хабарламада.
ҚМА мәліметінше, мемлекет бюджетіне 900 миллион теңге түскен.
«Сонымен қатар құны 31 миллиард теңге болатын 1 500 автокөлікке және 968 миллион теңгенің күдіктілерге тиесілі мүлкіне тыйым салынды. Ақмола облысында әкімшілік полиция басқармасының қызметкері бар топқа қатысты үкім шығарылды. Олар 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта 55 жүк көлігін заңсыз бастапқы тіркеу арқылы мемлекетке 401 миллион теңге көлемінде залал келтірді», – делінген хабарламада.
Сот оларды 2,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Сонымен бірге мемлекет кірісіне жалпы құны 125 миллион теңге болатын үш пәтер мен жеке тұрғын үй, сонымен қатар 21 миллион теңге ақшалай қаражат тәркіленгені белгілі болды.



