Елімізде алғаш рет өткен дрон сайысында десантшылар үздік атанды


Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының базасында дрон сайысынан Қазақстанның алғашқы ашық чемпионаты өтті. Оны өткізуге еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі – Satbayev University бастамашы болды, деп хабарлады Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Жарысқа бес аймақтан 14 ұшқыш, оның ішінде күш құрылымдарының өкілдері қатысты. Бұл отандық дрон спорты үшін маңызды оқиға болды, алғаш рет бір алаңда кәсіпқойларды да, ұшқышсыз басқарылатын құрылғылардың әуесқойларын да біріктірді. Сайысқа қатысушылар арнайы дайындалған тас жолда дрон басқарудағы жоғары жылдамдықты, дәлдікті және техникалық шеберлікті көрсетті.
Күштік ведомстволар арасында командалық есепте Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамасы жеңіске жетті. Екінші орынды Құрлық әскерлерінің өкілдері иеленсе, ал Астанадан келген 68665 әскери бөлімінің командасы үшінші тұғырдан көрінді.
Күш құрылымдарының мамандары арасында жеке есепте бірінші орынды Ерсайын Майданқан (Десанттық-шабуылдау әскерлері), екінші орынды Рүстем Сейітжанов, үшінші орынды Ілияс Әбілқасов (екеуі де Құрлық әскерлері) алды.
Абсолютті жеке санатта Василий Райков үздік деп танылып, екінші орынды Илья Трофимов, үшінші орынды Ерсайын Майданқан олжалады.
«Мұндай чемпионат өткізу – Қазақстанда жоғары технологиялық спорт түрлерін дамытудағы маңызды қадам. Ол әскери және азаматтық құрылымдардағы кәсіби дайындық пен бәсекелестік тәжірибенің элементі ретінде дрон сайысты интеграциялау перспективаларын көрсетті», – деп атап өтті Десанттық-шабуылдау әскерлері ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелер қызметінің бастығы подполковник Серік Қалтарбаев.