00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елге қызмет ету – мінезден

Елге қызмет ету – мінезден
Фото: freepik

Адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы, ақыл парасаты мол, ғылыми өрісі озық азамат тәрбиелеу.

Еліміздің өркендеуі мен дамуы жас ұрпақтың тәрбиесі, руханияты және мәдениетімен тығыз байланысты. Өскелең ұрпаққа көңіл бөлу және қамқорлық жасау біздің елімізде жүргізіліп жатқан саясаттың басым бағыты болып табылады. Заманауи білімді игерген, елдің болашағы үшін үлкен жауапкершілікті өз мойнына алуға қабілетті, мақсатқа ұмтылған және жігерлі жастарды тәрбиелеу – елдің орнықты және үдемелі дамуының маңызды шарты.

Елі мақтан тұтарлық жастарымыз баршылық, солардың бірі – Ерлан Исабай.

Литва мемлекетінің Каунас қаласында техникалық реттеу және метрология саласы бойынша біліктілігін арттырған ол өз еңбек жолын «QS Azia Sertik» ЖШС-нің Өнеркәсіптік өнімді сынау бөлімінің маманынан бастап, елорданың бірқатар орталық мемлекеттік органдарында еңбек етіп, бүгінгі таңда ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Орталық кеден зертханасы Менеджмент жүйесі және талдау жұмысы бөлімінің басшысы қызметін атқаруда.

Мақсаты мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру және еліміздің үздік мемлекеттік қызметшілерін анықтау болып табылатын «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі – 2023» конкурсында бақ сынап, жеңімпаз атанған.

Мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиадалар, отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған эстафеталар, мемлекеттік қызметтің беделін нығайтуға арналған түрлі сайыстарда жүлделі орындарды иеленіп, Президенттік жастар кадр резерві, өңірлік кадр резерві сияқты мемлекеттік қызметке талантты жастарды тарту мен жас басқарушылардың пулын қалыптастыруға арналған жобаларға қатысып, бақ сынаған.

Бойында еңбекқорлық пен отаншылдық қасиеттерінің қатар үйлесуі оның ел игілігі үшін қызмет етуге дайын екендігінің айқын көрінісі деп білемін.

Халқымыздың тарихында ел басқарған және билікке араласқан әйелдер аз болмағаны мәлім. Тұмар патшайым, Бопай ханым сияқты атақты арулардың іздерін басқан бүгінгі сіңлілері мемлекеттік қызметтің негізгі жүгін арқалап жүр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өткен Президенттік жастар кадр резервінің форумында: «Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне мүмкіндік берген жөн» деген еді.

Бүгінгі қоғам мен саясатта маңызды рөл атқарып жүрген нәзік жандылардың бірі – Шұғыла Құдайберген.

Еңбек жолын Астана қаласының Жастар мәслихатының Ұйымдастыру-кадрлық бөлімінде тіркеу бойынша техник ретінде бастап, кейін Жастар саясаты мәселелері басқармасының жастар ұйымдарымен жұмыс, талдау және мониторингі бөлімінің бас маманы, Астана қаласы әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің бөлім басшысы, Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет етті. Бүгінде Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарады. Әлеуметтік саланың әлеуетін арттыруға барын салып, бірде-бір жанның мемлекет қамқорлығы мен қолдауынан тысқары қалмауы жолындағы еңбегі қоғамдағы осал топтардың өмірде өз орнын табуға септігін тигізуде.

Осы жылда еліміздің барлық өңірлерінде жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру мен өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту мақсатында бастау алған Өңірлік кадр резервіне қатысып, резервшілер қатарына қабылданған. Адал еңбегімен, өнегелі ісімен, адамгершілік қасиеттерімен, басшылық қарым-қабілетімен ел мүддесі жолында еш аянып қалмастан, жас та болса бас бола білген ол өңірдің дамуына елеулі үлес қосары сөзсіз.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, көмек қолын созу, жұмыспен қамту, қоғамдағы рөлі мен құқығын қорғау – мемлекет алдындағы әлеуметтік маңызы жоғары дүниелердің бірі. Мемлекет басшысы «мүгедектігі бар тұлғаларға барынша жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек» деп әр Жолдауында аса назар аударып келеді. Соның нақты көрінісінің бірі ол мүмкіндігі шектеулі жандардың мемлекеттік қызмет қабырғасында жүруі, өйткені әрбір азаматтың мемлекеттік қызметке кірудегі құқығы тең болып бекітілген.

Өзінің өмірін мемлекеттік қызметпен байланыстырған cондай жандардың бірі – Нұрлан Өтебаев.

1980 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы Мырзакент кентінде дүниеге келіп, Қайнар университетін «Құқықтану» мамандығымен аяқтаған ол қызметін қылмыстық-атқару жүйесінен бастайды. Бүгінде ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Оқу-әдістемелік орталығының біліктілікті арттыру кәсіби даярлық бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарады, құрмет грамоталарымен марапатталған.

«Рух бекінісін сақтау үшін дененің бекінісін сақтау керек» дегендей, осы күнде жұртпен бірге өмір сүріп, еліміздің дамуына өз үлесін қосуда.

Қазіргі қоғам мемлекеттік қызметшілерден елге адал қызмет етуін, өз күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін отанымыздың дамуына жұмсауын күтеді. Қай салада болмасын жасаған әрбір ісіміз ел ертеңі мен кемел келешегі үшін жасалатыны анық.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Астана қаласы бойынша департаменті