Дропперлер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін


Дропперлер енді қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазіргі таңда дропперлік әрекеттер – яғни банк шотына, төлем құралдарына немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз рұқсат беру, аудару және алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру – Қылмыстық кодекстің 232-1-бабында жазылған. Бірақ қазіргі заңнамада дропперлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту нақты қарастырылмаған. Олар көбінесе куәгер ретінде шақырылады, ал ниеті дәлелденсе, алаяқтыққа сыбайлас ретінде қаралады.
Ұсынылып жатқан заңға енгізілген түзетулерде дропперлердің қылмыстық жауапкершілігі нақты анықталады. Мысалы, банк шотына заңсыз рұқсат берген адам үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал үшінші тұлғаның пайдасына заңсыз төлем жасау немесе ақша аудару фактісі болса, жазасы бес жылға дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар, банк шотын заңсыз басқаруға алған дропперлер жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылады.
Жаңа бапта ерекше ескерту бар: егер адам қылмысты алғаш рет жасаған болса, өз еркімен хабарлап, құқық бұзушылықтың ашылуына немесе алдын алуға белсене қатысқан болса және басқа да қылмыстық белгілер болмаған жағдайда, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.



