«Цифрлық нотариат»: Сенімхаттарды енді онлайн рәсімдеуге болады
Қазақстанда сенімхаттарды онлайн рәсімдеу жобасы – «Цифрлық нотариат» іске қосылды. Бұл Әділет министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірлескен пилоттық жобасы, деп хабарлады Elorda.info.
Халықтың арасында нотариаттық куәландырылған сенімхаттарды алу қызметі танымал. Былтыр 2 млн-ға жуық осындай қызмет көрсетілген.
Жалпы цифрлық сервистерді дамыту Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы алдында электрондық үкімет базасында азаматтар мен бизнестің өзара іс-қимылын жеңілдету мақсатында цифрлық сервистерді дамыту бізге жүктелген болатын. Осындай тапсырманы орындау барысында жаңа цифрлық сервисті электрондық үкіметке шығарудамыз. Цифрлық нотариат деген онлайн түрде сенімхаттарды рәсімдеу, - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Цифрлық сенімхатты рәсімдеу жолы:
- eGov mobile қосымшасында авторизациядан өту;
- өтінімді толтырып, оған ЭЦҚ көмегімен қол қою;
- онлайн қызмет түрін алушы өзінің жеке басын растау үшін мобильді қосымшада нотариусқа бейнеқоңырау шалады;
- белгіленген тариф бойынша нотариус қызметіне ақы төлеу;
- “Сандық құжаттар” бөліміне өтіп, сенімхат алу.
Сенімхаттың бұл түрі оның қағаз нұсқасындай қолдануға жарамды.