Ботоксты неше жастан бастап салдыруға болады
Соңғы жылдары елімізде ботокс ең танымал косметологиялық процедуралардың біріне айналды. Сұлулық индустриясында әжімдерді тегістеу үшін қолданылатын бұл препарат ірі клиникаларда да, шағын косметологиялық кабинеттерде де салынатын болды. Ботоксты неше жастан бастап салдыруға болады? Қандай жағдайда ботоксқа тыйым салынады? Ол теріге қалай әсер етеді? Elordainfo.kz тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына елордалық косметолог Азиза Белялова жауап берді.
Косметологтың айтуынша, ботокс - бұл маңдай, қастың арасына және көз айналасындағы мимикалық әжімдерді тегістеудің ең тиімді және қолжетімді әдісі.
«Ботулотоксин – бұлшықеттің жиырылуына жауапты жүйке-бұлшықет сигналын бұғаттап, бұлшықеттерді босаңсытатын нейропротеин. Нәтижесінде мимикалық бұлшықеттердің белсенділігі төмендейді және тері бетіндегі әжімдер тегістеледі. Сондай-ақ, процедура қосымша әжімдердің пайда болуының алдын-алу әсеріне ие»,- деп түсіндірді Азиза Белялова.
Ботокстың негізгі артықшылықтарының бірі - оның әсер ету жылдамдығы. Процедураның нәтижесі бірнеше күннен кейін байқала бастайды, ал әсері бірнеше айға жетеді.
«Дәрігерлердің ұсыныстарына сәйкес, ботокс инъекциясын 25-30 жастан бастап жасатуға болады. Процедура көрсеткіштерге сәйкес жасалады, бұл бұлшықеттің гиперактивтілігіне байланысты. Мәселен 18 жастағы адамда қас аралық қыртыстар пайда болуы мүмкін. Кейде, керісінше, адам 30-40 жасқа толғанда ғана мұндай қыртыстар пайда болады»,- дейді косметолог.
Кез келген косметологиялық процедура сияқты, ботоксты қолданудың да қарсы көрсетілімдері бар.
«Ботоксты жүктілік және лактация кезінде салдыруға болмайды. Сондай — ақ, қатерлі ісік, жұқпалы аурулар мен созылмалы аурулардың өршу сатысында және қанның ұюы төмен болған кезде бұл процедураны жасатуға тыйым салынады»,- деді Азиза Белялова.