00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Бейбіт атом — ұлт игілігі үшін

21 қыркүйек, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Бейбіт атом — ұлт игілігі үшін
Фото: жасанды интеллект

Айгүл Сәдуақасова – Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығының басшысы, Қазақстан радиологтар қауымдастығының мүшесі, Еуропалық радиологтар қоғамы және Еуропалық ядролық медицина қоғамының мүшесі. Elordainfo.kz  радиацияны жұмыс құралы ретінде пайдаланатын маманнан Қазақстанда АЭС салу тақырыбына қатысты пікір білдіруін сұрады.

- АЭС құрылысы Қазақстанда ядролық технологияларды қабылдауға қандай септігін тигізеді?

- Еліміздегі АЭС құрылысы атомды бейбіт мақсатта пайдалану деген ұғым қашанда ұлттың, пациенттердің игілігі үшін жасалатынын түсінуге біраз септігін тигізуі мүмкін. Ядролық медицина – атомды бейбіт мақсатта пайдаланудың жарқын мысалы: дәл сол изотоптар түрлі ауруды анықтау мен емдеу мақсатында қолданылады. Сондықтан менің ойымша, АЭС құрылысы осы технологияларға деген қорқынышты сейілтуге көмектеседі. «АЭС» немесе «ядролық медицина» деген сөздерді халық қауіпсіздігіне төнетін қауіп ретінде қабылдаудың қажеті жоқ. Керісінше, ядролық медицина науқастар мен дәрігерлер үшін одан әрі түсінікті және маңызды бола түседі.

- Атом электр станциясының осы саланың дамуына тікелей әсері болады деп айта аламыз ба? 

- Менің ойымша, АЭС ядролық медицинаның дамуына тікелей әсер етеді деп айтуға келмейді. Дегенмен, екі саланың түйіскен жерінде орналасқан атом өнеркәсібі мен ядролық медицинаның қатар дамуы оң нәтижелерге әкелуі мүмкін. Қазақстан халқының ядролық медицинаны түсінуі жақсарады, ауруды анықтау және емдеу әдістері мүлдем қауіпсіз деп қабылданатын болады.

- АЭС жақын маңда тұратын адамдардың денсаулығына кері әсер етеді деген миф пе? Халық мұны кейінгі кезде Семей полигонымен байланыста қабылдап жүр.

- Әрине, миф. АЭС-ті Семей полигондарына теңестіру қате, себебі онда атом қаруының сынақтары жүргізілген. АЭС-ті салу жағдайында әңгіме ядролық технологияларды бейбіт мақсатта қолдану туралы болып отыр. АЭС жобалау кезінде қоршаған ортаның қауіпсіздігіне қатысты көптеген аспектілер ескеріледі. Атом энергиясын пайдалану — елімізге қажет электр энергиясын алудың экологиялық тұрғыдан ең таза әрі заманауи әдістерінің бірі.

Шынар Хамитова