БҚО әкімі Дубайда топ жарған Қабірхан тұлпардың иесін қабылдады
БҚО әкімі Дубайда топ жарған Қабірхан тұлпардың иесін қабылдады
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Дубайда өткен Al Maktoum Challenge турнирінде жеңіске жеткен әйгілі Қабірхан сәйгүліктің иесі Батыс Қазақстан облысының тумасы, кәсіпкер Тілек Мұханбетқалиевті қабылдады, деп хабарлады Elorda.info.
Өңір басшысы әйгілі тұлпардың иесі Тілек Мұқанбетқалиевті үздік арғымақ баптап, әлемдік додада жеңіске жетуімен құттықтады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Бұл – барша Қазақстанның жеңісі. Еліміздің көк туы кезекті рет әлемдік аренада асқақтап, мерейіміз үстемдеді. Бұл жеңіс – өңірімізде, жалпы елімізде ат спортының дамуына серпін береді, - деді Нариман Төреғалиев.
Өз кезегінде Тілек Мұханбетқалиев өңірдегі ат спортының дамуына қолдау көрсетіп отырғаны үшін облыс басшылығына алғыс білдіріп, биыл елімізде өтетін Дүниежүзілік Көшпенділер ойынында облыс атынан бәйгеге ат қосуға дайын екендігін айтты.
Еске салайық, Қабірхан Дубайдағы Al Maktoum Challenge (1-топ) Presented by Longines бәйгесінде мәреге бірінші болып жеткен еді. Жарысқа 12 тұлпар қатысты. Олар 1900 метр қашықтықта сынға түсті. Шабандоз Патрик Доббс мінген қазақстандық сәйгүлік Қабірхан 1 минут 57 секундта мәре сызығын бірінші болып кесті. Сөйтіп Мими Какуши, Атлетико Эль Кулано, Клэптон, Фёрст Конститьюшен, Милитари Ло сияқты әйгілі тұлпарларды артта қалдырды.
Нәтижесінде қазақстандық сәйгүлік бір миллион доллар көлемінде бас жүлдеге ие болды.