Азамат Жылтыркөзов: Астана – мәдениеттің ордасына айналды
Осыдан 27 жыл бұрын, 1997 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілді. Астана мәртебесін алған күннен бастап елорданың сан тарау өмір иірімдеріне қан жүгіре бастады. Экономикамен қатар, мәдениет саласының дамуына да көп көңіл бөлінді. Өнер адамдары еліміздің түкпір-түкпірінен елордаға қарай көш түзеді. Солардың бірі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы классикалық вокал бөлімінің солисі Азамат Жылтыркөзов Астанадағы алғашқы жылдарын еске алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Азамат Жылтыркөзов елордаға бірінші рет он жасында келіпті. Тұңғыш Президенттің дарынды балаларға арнап ұйымдастырған шыршасына шақырту алып, Талдықорғаннан шыққан делегация құрамында Астанаға жеткен.
«1998 жылдары Астанадағы Қазақ Ұлттық музыка академиясы, қазіргі Қазақ Ұлттық өнер университеті ашылып, оған басшылық етуге профессор Айман Мұсақожаева шақырылды. Өнер ордасының жанында дарынды балаларға арналған мектеп-интернат болды. Соны естіген көп музыканттар, мұғалімдер, әртістер, Алматыдан Астанаға көшіп келді. Сол кезде анамның ұстазы Ғафура Жұмақова оған қоңырау шалып, «осындай академия ашылып жатыр, Азаматты оқытыңдар» деп кеңес берген. Сөйтіп, 2001 жылы анамыз екеуміз Астанаға көшіп келдік. Ол кезде он бес жаста едім. Академияның мектебіне дирижерлік мамандығына оқуға түстім. Өйткені вокалға он сегіз жастан бастап қана оқуға қабылдайтын. Содан бастап әлі күнге дейін Астанада тұрамын», - деді А.Жылтыркөзов.
Өнерпаз сол кезеңдегі елорданың тыныс-тіршілігін еске алды.
«Астана жаңадан салынып жатқан кез болатын. Сол жағалау жоқ, жағалай құрылыс жүріп жатты. Бастапқыда мектеп-интернатта тұрдым, анам пәтер жалдап тұрды. Университетке түсіп, оқу орны жанындағы жатақханаға орналастым. Менің ең алғашқы еңбек жолым Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониядан басталды. 2006 жылдан бастап күні бүгінге дейін осы өнер ордасында солист ретінде жұмыс істеп келе жатырмын. Ол кезде музыканттар бірнеше жерде жұмыс істейтін, өйткені салада кадр жетіспеді. Сондықтан әншілер театрда да, филармонияда да қатар қызмет етті. Бұдан соң елордаға «Қазақконцерт» көшіп келді. Мұнда да әріптестерімізбен бірге елорданың мәдениет саласын көтеруге жұмыла кірісіп кеттік», - деді өнер иесі.
Азамат Жылтыркөзов елордада өнердің өркендеуіне қатысты да көзқарасын білдірді.
«Біз қазір өте жақсы кезеңде өмір сүріп жатырмыз деп есептеймін. Өйткені Тәуелсіздігімізді алғаннан бері еліміз қарыштап дамып келе жатыр. Астана салынғалы қаншама мәдени ошақтар ашылды. Драма театрлары, соның ішінде музыкалық драма, комедия, қазақ, орыс театрлары бар. Солардың арасында мен үшін филармонияның шоқтығы биік. Өйткені кез келген дамыған ел опера театрларымен, филармониясымен мақтанады. Берлин, Лондон, Мәскеу, Шостакович филармониялары - соның жарқын көрінісі. Ал біздің еліміз Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік филармониясын мақтан тұтады. Бүгінде көптеген өнер ошақтары бой көтерген Астана - мәдениеттің ордасына айналды», - деді ол.