Қазақстанда пилоттық ауыл шаруашылығы санағы аяқталды
Қазақстанда 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өткен пилоттық ауыл шаруашылығы санағы аяқталды. Іс-шараның негізгі мақсаты – 2025 жылы негізгі санаққа дайындық ретінде деректерді жинау әдістерін, санақ парақтарын және бағдарламаларды сынақтан өткізу, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Санаққа заңды тұлғалар, олардың құрылымдық бөлімшелері, жеке кәсіпкерлер, соның ішінде шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысатын үй шаруашылықтары қатысты.
Пилоттық санақ екі жолмен жүргізілді: sanaq.gov.kz сайтында онлайн және планшет қолдана отырып, үй шаруашылығын аралау арқылы. Сауалнаманы Ұлттық статистика бюросының аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері елдегі әр өңірдің екі ауылдық және бір қалалық елді мекенінде, барлығы 54 елді мекенде интервьюерлерді тартпай жүзеге асырды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, пилоттық санаққа 44 мың респондент қатысты, олардың 31,8 мыңы – үй шаруашылықтары, ал 12,3 мыңы – шаруашылық жүргізуші субъектілері.
Айта кетейік, 2025 жылы негізгі ауыл шаруашылығы санағы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтеді.