Қазақстанда авиадиспетчерлерді дайындауда ЖИ негізіндегі құрылғы пайдаланылатын болды
«Қазаэронавигация» РМК Кәсіби дайындау орталығында жаңа оқу-жаттығу құрылғысы кешені іске қосылды. Қазіргі таңда бұл жабдыққа Қазақстанда да, Орта Азияда да балама жоқ, деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Ол әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчерлерінің алғашқы дайындығы мен жаттығуларын өткізуге арналған.
«Air Traffic Simulation and Voice Technologies» жаттығу кешенін «Қазаэронавигация» РМК тапсырысы бойынша әуе қозғалысын басқаруды модельдеу жүйесін әлемдік әзірлеуші UFA Inc компаниясы әзірлеген.
Ол болашақ диспетчерлердің бастапқы даярлаудан өтіп қана қоймай, жұмыс істейтін диспетчерлердің кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Кешеннің техникалық мүмкіндіктері әуеайлақтағы әуе трафигі мен жердегі жағдайды имитация жасауға болады.
«Ал жасанды интеллект оқу барысында пилотты алмастыра алады және радиобайланысқа ЖИ шығады. Сондай-ақ кешеннің функциясына виртуалды шынайылықты модельдеу кіреді, бұл авиадиспетчердің шынайы жұмыс орнын барынша қайталауға мүмкіндік береді. Жаңа оқу-жаттығу құрылғысы кешені жүйесіне жүктелген аэронавигациялық карталар Республиканың қолданыстағы әуеайлақтары мен әуе кеңістігін имитациялайды. Қазіргі таңда бұл жабдыққа Қазақстанда да, Орта Азияда да балама жоқ», - делінген министрліктің хабарламасында.