00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Қазақстан мен Қатар арасында әуе рейстерінің саны артады

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстан мен Қатар арасында әуе рейстерінің саны артады
коллаж Elorda.info

Қос ел сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандық тауарларды Қатарға жеткізудің қосымша арналарын құру, екі елдің бизнесі арасындағы ынтымақтастықты нығайту және өзара тауар айналымын арттыру –  Дохада өткен жоғары деңгейдегі Қазақстан-Қатар бірлескен комиссиясының 6-шы отырысына қатысушылар алға қойған мақсаттарына үлес қосуға деген ұмтылысы пен ниеттерін білдірді.

Комиссияға Қазақстан тарапынан Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, ал Қатар тарапынан сауда және өнеркәсіп министрі шейх Мұхаммед бен Хамад бен Қасым Әл Тани тең төрағалық етті.

Қатар сауда және өнеркәсіп министрі өз сөзінде атап өткендей, бүгінде Халықаралық валюта қорының ақпараты бойынша Қатар өз аймағындағы дамудың ең жоғары қарқынына қол жеткізіп, инвестициялық тартымдылығы бойынша әлемдік рейтингте көш бастап тұр.

Біздің Қазақстанмен қарым-қатынасымыз жақсы бағытта дамып келеді, Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад әл-Танидің Астанаға сапары барысында бірқатар келісімдерге қол жеткізілді, бұл бізге белгілі бағыттарда өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Қазақ инвесторларын біздің кәсіпкерлермен берік әріптестік орнатуға шақырамын. Мен екі ел арасындағы тауар айналымы жаңа биіктерге жететініне сенімдімін, - деп атап өтті шейх Мұхаммед бен Хамад бен Қасим Әл Тани.

Өз кезегінде Серік Жұманғарин екі мемлекет арасындағы тығыз байланыс екіжақты қарым-қатынастардың дамуына оң серпін беретінін баса айтты. Бұған жоғары деңгейдегі тұрақты сапарлар дәлел бола алады.

Біз Қазақстанның халықаралық аренадағы сенімді әрі маңызды серіктесі Қатар мемлекетімен жан-жақты ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән береміз. Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Осы жылдар ішінде екі ел ашық саяси диалогқа және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейілділігін растады. Бірқатар ынтымақтастық туралы меморандумдар жүзеге асырылып келеді, Алматы–Доха арасында аптасына 7 рейс қарқындылығымен тікелей әуе қатынасы орнатылды. Келіссөздер жүргізіліп, рейс санын 28-ге жеткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді, -  деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары.