Астанадағы зәулім сарай бас имамға тиесілі ме

Астанадағы зәулім сарай бас имамға тиесілі ме
Фото: azattyq-ruhy.kz

Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Астана қаласының бас имамы тұрады деген зәулім үйдің видеосы тараған болатын. Елорданың бас имамы Ерболат Жүсіпов мәлімдеме жасап, бұл жалған ақпарат екенін айтқан еді. Күні кеше елорда төріндегі зәулім сарайдың иесі табылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Халыққа видеоүндеу жазған ер адам зәулім сарай Астананың бас имамы емес, өзінікі екенін және аты-жөні Нұрлан Леспекұлы екенін айтқан.

«Мен, Нұрлан Леспекұлы. Соңғы кезде әлеуметтік желілерде осы үй бас имамның үйі деп көрсетілген екен. Бұл – жалған ақпарат. Мен Нұрлан Леспекұлы осы үйде 15 жылдан бері тұрып жатырмын, өзім салып, өзім кіргемін», - дейді Нұрлан Леспекұлы.

Бұл адам да дін қызметінен алыс болмай шықты. Ашық дереккөздерден анықтағанымыз, бұл кісінің толық аты-жөні Алжанқұлов Нұрлан Леспекұлы. Ол – «Зекет» қорының Астана қаласындағы өкілдігінің экс-директоры.

Фото: azattyq-ruhy.kz

Дәл қашан тағайындалғаны туралы нақты ақпарат жоқ, бірақ мүфтияттың ресми сайтында 2016 жылы 14 қаңтарда шыққан мақалада Алжанқұлов Нұрлан Леспекұлының «Зекет» қорының Астана қаласындағы өкілдік директоры екені анық жазылған.

Сондай-ақ Нұрлан Леспекұлы Жамбыл облысындағы «Кеңескен қажы Ахаев» атындағы мешіттің құрлысына ақша берген.