00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада ұлттық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Астанада ұлттық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланды
Фото: Қорғаныс министрлігінен

Астанада «Қазіргі заманғы сын-қатерлер аясындағы ұлттық және өңірлік қауіпсіздік» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

«Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ ұйымдастырған іс-шараға Конституциялық соттың, Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, әскери жоғары оқу орындарының, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қоғамдастық өкілдері және Қазақстанда аккредиттелген әскери атташелер қатысты.

Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев Қорғаныс министрінің құттықтау сөзін жеткізді. Онда генерал-полковник Руслан Жақсылықов беделді қоғамдастық өкілдері қарайтын мәселелердің өзектілігіне тоқталған.

– Біз жаһандық өзгерістер кезеңінде тұрмыз. Онда әрбір шешім, әрбір стратегия біздің елдердің қауіпсіздігіне ауқымды әсер етуі мүмкін. Бірегей географиялық орналасуы мен бай табиғи әлеуеті ортақ Орталық Азия тұрақты және қарқынды дамып келе жатқан аймақ болып қалу үшін белсенді әрекет етуіміз керек. Бұл тұрғыда қауіпсіздік мәселелерін ұзақ мерзімді перспективалар мен мүмкіндіктерді ескере отырып қарастыру маңызды, - деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Конференция «Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл», «Тәуекелдер және олардың Қазақстандағы тұрақтылықты дамытуға әсері», «Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі халықаралық және өңірлік ұйымдардың рөлі» секілді үш тақырыптық блок бойынша өтті.

Конференцияны ұйымдастырушылардың пікірінше, «қауіпсіздік» термині бүгінде киберкеңістік пен ақпараттық технологиялардан бастап табиғи ресурстарды әділ бөлуге және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа дейінгі көптеген өмірлік салаларды қамтиды.

Еліміздің әскери доктринасында ақпараттық және психологиялық әсер әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі әсер етуі мүмкін факторларға жатқызылған. Бүгінгі таңда ақпараттық кеңістік қарсыласудың жаңа саласы ретінде қарастырылуы кездейсоқ емес.

Конференцияда аталған проблемаларға жан-жақты талдау жүргізілді. Ең өзекті сын-қатерлер анықталды және өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған ұсынымдар әзірленді.

Іс-шара қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Онда қатерге қарсы іс-қимылдың тиімді және тұрақты стратегияларын қалыптастыру қажеттігі атап өтілді. Ол үшін осы процеске қауіпсіздік мәселелеріне маманданған өңір елдерінің сараптамалық және ғылыми қоғамдастығының өкілдерін белсенді тарту ұсынылды.