00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Астана - есірткісіз қала»: велошабандоздар есірткімен күресте бірікті

9 маусым, 2024
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
«Астана - есірткісіз қала»: велошабандоздар есірткімен күресте бірікті
Фото: автордан

Елордада 1000-ға жуық  тұрғын велошеруге қатысты, деп хабарлады Elorda.info

Әлемдік World Population Revie ұйымының 2024 жылғы зерттеуіне сәйкес, Қазақстан есірткіні ең көп тұтынатын ТОП-10 мемлекеттің қатарына кіреді.

Салыстырмалы түрде 2018 жылы елімізде 20,3 тонна есірткі тәркіленсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 41,1 тоннаға дейін артқан. Сондықтан бұл мәселеге барынша ат-үсті қарамай, қоғамды ұдайы ақпараттандыру қажет.

Осы орайда елордамыздың орталық саябағында Астана полиция департаменті мен Астана қаласының әкімдігімен велошеру өтті.

Спорттық шара — өскелең ұрпақ арасында есірткі қылмысымен күресу,  сондай-ақ, жастардың есірткіге әуес болмай, психоактивті заттарды қолданбай, бос уақытын дұрыс пайдаланып және спортты кеңінен насихаттау мақсатында өткізілуде. Веложарыс ең алдымен нашақорлық мәселесіне қоғамның назарын аударуға бағытталған. Әлеуметтік желінің дамуы, интернеттің қолжетімділігі тек жақсы жаққа ғана емес, қылмыстың да өршуіне әкеліп соқты. 2024 жылдың мәліметіне сәйкес, қаламызда 60 келіден астам есірткі тәркіленген. Сондықтан баршаңызды ешкімге зиянын тигізбей, дұрыс өмір сүруге шақырамын, - деді салтанатты шараның ашылуында Астана полиция департаментінің басшысы Марат Тулебаев..

Ішкі істер департаментінің дерегіне сүйенсек, тек 2023 жылы наркодилерге қатысы бар 3 мыңдай сайт және 1,3 мың Telegram арнасы бұғатталған.

Таңғы 8-де басталған спорттық шарада қатысушылар Тұран даңғылы мәдениет және демалыс саябағынан – «Қазақстан күні» монументі – Қорғалжын тас жолынан оңға бұрылып,  MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY-не дейін барып, кері қайтты. Жалпы қашықтық 10 шақырымды құрады.

Тәні саудың - жаны сау деген сөз бекер айтылмаған. Баланы кішкентай кезінен спортқа берсе, жақсы ортада болып, өзінің өмірін реттеуге мүмкіндік алады. Бала кезден жақсы жол көрсетілсе, оның жаман жаққа кетуі ықтималдығы азаяды. Астанада спортпен айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Велосипед айдаңыздар, жүгіріңіздер! - деді спорттық жарысқа арнайы қатысқан грек-рим күресінен әлем чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері Алмат Кебіспаев.

Айта кетейік, веложарыс «есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың», сондай-ақ Нашақорлыққа қарсы күрес күнін мерекелеуге арналған «айлықтың» тармақтарын іске асыру шеңберінде өткізілді.