Арнайы операция кезінде іздеуде жүрген 8 қылмыскер ұсталды
Астаналық полицейлер «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында үш күн ішінде 11 адамнан есірткі заттарын тәркілеген, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Есірткі заттарымен заңсыз айналысқаны үшін оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп жазылған хабарламада.
Мәселен, түнгі уақытта күдік тудырған 31 жастағы тұрғынды тұрғын үйдің кіреберісінде тоқтатып тексергенде шалбарының қалтасынан салмағы 1,83 грамм Альфа-PVP психотроптық заты табылған. Сол күні 43 жастағы Астана қаласының тұрғыны ұсталып, оның да сол қолынан салмағы 0,21 грамм Альфа-PVP психотроптық заты табылған.
«Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шарасы басталғалы елордада 73-тен астам қылмыс тіркеліп, оның 45-і кезекшілік күндері ашылған. Бұған дейін жасалған 36 қылмыс ашылып, іздеуде жүрген 8 қылмыскер ұсталды. Рейдтік іс-шаралар барысында полицейлер 2,5 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Ал көлікті мас күйінде басқарған 11 жүргізуші ұсталған.