Андрей Авдеев: Қазақстанда көктемнің алғашқы күні «рақмет» сөзінен басталады
2016 жылдан бастап көктемнің ең алғашқы күні Алғыс айту күні болып белгіленді. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күнмен орайластырылды. Ал ҚХА Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде 1995 жылы 1 наурызда құрылған болатын, деп хабарлайды Elorda.info.
Қазақстанда көктемнің алғашқы күні «рақмет» сөзінен басталады. Бұл күні саяси қуғын-сүргін және депортациялау жылдарында әртүрлі ұлттар өкілдерінің Қазақстанға қалай күштеп жеткізілгенін еске алып отыру - парыз. Сол уақыттарда өзі де талай тар жол тайғақ кешуден өткен қазақ халқының басына іс түскен өзге ұлттарды бауырына тартқаны үшін ризашылығымызды білдіреміз.
Біз Алғыс айту күнін Қазақстанда жүргізіліп жатқан бейбітшілік пен келісім саясатының символы ретінде қабылдаймыз. Қазақстан –жүздеген ұлт өкілдері қоғамдық және саяси өмірде тең құқықтарға ие бола отырып, бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан мемлекет екенін мақтанышпен айтамыз.
Бір жақсысы, бүгінде Қазақстанда ешкім ұлттық белгі бойынша бөлінбейді. Барлығы бір-бірін нақты істер мен іс-әрекеттер бойынша бағалайды.
Қазір біз бұл мерекені ерекше атап өтудеміз. Ал ондаған жылдардан кейін жаңа ұрпақ – біздің балаларымыз бен немерелеріміз 1 наурызға бұдан да ерекше мәртебе беруі мүмкін. Өйткені бұл мереке - көпұлтты ел халықтары арасындағы достық, мейірімділік пен келісімнің көрінісі, - дейді Андрей Авдеев.
Спикер бұл мерекенің негізгі алғышарттарының бірі – өз тарихымызды сақтау және мақтан тұту. Ал мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына өзара достық және құрмет сезімін сіңіру екенін айтты. «Қазақстанда этносаралық келісім мен ұлтаралық байланысты нығайту – басты міндетіміз» деді ол.