АЛЖИР: Аналардың қасіретке толы мекені

АЛЖИР: Аналардың қасіретке толы мекені
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін – 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай Elordainfo.kz тілшісі Астана маңындағы Ақмол ауылында орналасқан «АЛЖИР» мұражайы мен мемориалдық кешеніне барып, экспозициялық көрме және зерттеу бөлімінің маманы Бекжамал Жалғасовамен әңгімелесіп қайтты. Өткен тарихтың қайғылы тұсын еске салатын орынға биыл жыл басынан бері 5 мыңнан астам адам барған.

Музей аумағына кірген бетті «Сталиндік вагонға» көзіміз түсті. Бекжамал Жалғасованың айтуынша, дәл осындай вагондарда саяси жер аударылған «халық жауларын» тасыған.

«Әйелдердің күйеулерін қамауға алғаннан кейін оларды күйеулерімен кездесуге алып баруға уәде беріп, алдап алып кететін. Сондықтан келіншектер әдемі киініп шығатын. Алайда оларды алда лагерь күтіп тұрған-ды. Вагонның ішінде жылыту пеші, екі қабатты сәкілер бар. Әйелдер жақындарына жанталаса хат жазады. Жолда оларға қағазға оралған нан мен тұздалған балық таратады. Қағаз болмағандықтан, әйелдер нанның қағазын пайдаланды. Оларды бөліктерге бөліп, саусақтарын қатты тістеп, қанымен «біз аман-есенбіз, бізді Қазақстанға алып бара жатыр» деп мекенжайын жазатын», - деді экспозициялық көрме және зерттеу бөлімінің маманы Бекжамал Жалғасова.

Вагонның ішінде гипстен жасалған тұтқын-әйелдердің мүсіндері қойылған.

«Мемориалдық кешеннің дәл ортасында «Қасірет қақпасы» тұр. Бұл – қуғын-сүргін құрбандарына арналған тағзым ететін мекен. Биіктігі 18 метр қақпаның пішіні дулыға мен кимешекке ұқсатып жасалғанын байқауға болады. Одан кейін 2 мүсіндік  композиция қойылған. Біріншісі – «Түңілу мен әлсіздік. Бұл шарасыздықты, бостандыққа шығуға деген сенімнің жоғалуы, тағдырына мойынұнуды, әлсіздікті бейнелейді. Екіншісі – «Күрес пен үміт».  Бұл тұтқыннан құтылу үміті мен ниетінен поэзияға еркіндікке бет бұрған әйел бейнесінде жасалған», - деді ол.

Сондай-ақ музей маңынан баракты көруге болады. Мұнда тұтқын әйелдер тұрған. Саман кірпіштен салынған үйлерді әйелдер қамыспен жылытты. Қамыс тез жанып кететіндіктен, олар үнемі от жағуға мәжбүр болды. Әр баракта шамамен 200-300 адам тұрды. Лагерде балалар 3 жасқа толғанша аналарының бауырында болған. Кейін олар балалар үйіне жіберілді.

«Мұражай ғимараты конус пішіндес. Бұл – құпиясы мен сыры мол қобдиша іспеттес. Мұражай тоннельден басталады. Тоннель мен оның қабырғасында салынған суреттер халықтың қуғын-сүргін жылдарындағы қиын-қыстау тағдырды көрсетеді. Мұнда тоталитаризм кезеңіндегі жер аудару вагондары, арбалардағы қуғынға ұшыраған адамдар, ату жазасына кесілгендер бейнелері кескінделген», - деді музей қызметкері.

Музейге кірген бетте келушілер назары «Өмір гүліне» түседі, гүл тасты жарып шыққан. Ол көптеген қиыншылыққа қарамастан, өмірдің жалғаса беретінін көрсетіп тұрғандай. Оның жоғарғы жағында «Еркіндік және еркінсіздік» композициясы көпшілікке ұсынылған. Бұл тордағы ұшуға жанталасқан 15 кептерді бейнелейді. 15 кептер кезіндегі одақтас 15 республиканы көрсетеді. Олардың кейбіреуі еркіндікке шыға алмай мерт болса, енді біреулері қапастан бостандыққа шыққаны көрініп тұр.

Музей композициялары екі қабатқа қойылған. Соның ішінде екінші қабатта лагерьде болған мыңдаған әйелдің тарихы сақталған.  Олардың өмір жолы туралы материалдар, отбасылық фотосуреттер, жеке заттары, тұтқын әйелдердің қолдарымен жасаған заттары қойылған. «АЛЖИРГЕ» 1937-1938 жылдары сталиндік респрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының, қоғам қайраткерлерінің жұбайлары, аналары, қарындастары әкелінген. Олардың қатарында Тұрар Рысқұловтың жұбайы Әзиза Рысқұлова, танымал жазушы Бейімбет Майлиннің жұбайы Күлжамал Майлина бар. Сондай-ақ мұнда 62 ұлт өкілі түскенін растайтын құжаттар бар.

АЛЖИРГЕ Мәскеуден, Ленинградтан, Украинадан, Беларусьтен, Грузиядан, Армениядан, Орталық Азиядан тұтқындар әкелінген.

«Әйелдер мал және егін шаруашылығымен шұғылданды. Сондай-ақ қыста отынға қамыс жұлумен айналысты. Олар жұмысты дұрыс орындамаған жағдайда түрлі жазаға тартылды. Мәселен, тамақ берілмейтін. Әйелдер үшін ең ауыр жаза – хат жазуға рұқсат бермеу. Лагерьге келген әйелдерге 1,5 жылдан кейін ғана жылына бір-ақ рет хат жазуға және хат алуға рұқсат берілген», - деді ол.

Лагерьде болған неміс ұлтының әйелі Гертруда Платайс түрмеден босаған соң Германияға оралып, лагерьде болған кездеріндегі Жаңажол ауылының тұрғындары көмектескен жайды әңгімелеп берген. Ол өз естелігінде: «Өзен жағасында қамыс орып жатқан едік.Қасымызға бала жетектеген жергілікті ақсақалдар келді. Олар келе саласымен дорбаның аузын ашты. Ал балалар тастарды бізге лақтыра бастады. Сонда күзетшілер: «Міне, сендер, халық жауларысыңдар, сендерді Мәскеуде де, осындағы ауыл тұрғындары да жақсы көрмейді», - деді. Кейін жерде жатқан тасқа сүрінген әйел балалар лақтырған тастардан сүт пен ірімшіктің иісі шығатынын айтып, қазақ ұлтының әйеліне көрсетеді. Сол кезде сүттен жасалған құрт екенін біледі. Ал 2003 жылы тарих пәнінің мұғалімі Раиса Голубева Гертруда Платайстің естелігі бойынша «Курт – драгоценный камень» өлеңін жазады.

Мұнан кейін Бекжамал Жалғасова бізді тергеушілер кабинетіне бастап барды. 

«Мұнда жазықсыз, нәзік әйелдерді тергейді. Осында тергеушінің үстелі, қабырғада уақытты көрсететін сағат, күзетші тұрады. Тергеушілер жарты сағат сайын ауысып отырған. Ал әйелдерді үстелдің жиегіне отырғызып, аяқтарын жерге тигізбей бес-алты сағат бойы қинап, сұрақтың астына алған. Әйелдердің аяқтары ісіп, естерінен танып құлайтын. Өздеріңіз көріп тұрғандай, әйелдер бірдей арнайы форма киген. Олардың аты-жөнін атамай, санмен атап, түгендеп отырған», - деді экскурсовод.

Темір тордың ар жағында әйелдер күндіз-түні соғыстағы жауынгерлерге, күзетшілерге, өздеріне арнап киім тікті. Ал оларды мылтық кезенген қарауылдар бақылап тұрды. Сығырайған майшамның жарығымен қорқыныш пен үрей үстінде жұмыс істеген.

«Темір тордың арғы жағында жұмыс үстеліндегі әйел-тұтқынның образы бейнеленген. Әйелдерді үйінен киіп келген киімдерімен лагерьге жөнелтетін. Біреуі жазғы көйлекте болса, ендібіреулері халат жамыла салған. Сондықтан да тігін фабрикасы ашылған соң олар алдымен өздеріне бір қабат киім әзірледі. Кейін соғыс жылдарында солдаттарға киім-кешек тігумен айналысты. Сонымен қоса лагерьде бір ғана шам жанып тұратын кесте тігетін цех жұмыс істеді. Көптеген әйелдің сол цехта жүргеннен көзінің көру қабілеті нашарлады», - деді ол.

Барактарда суық әрі қараңғы қапаста әйелдер отырған. Мұнда темір кереуетті, қабырғадағы ілулі тұрған туысқандарының хаттары мен фотосуреттерін көруге болады.

«Мұнда әйелдерге екі қабатты ағаштан жасалған сәкілер, балаларға арналған ағаш тақта көрсетілген. Байқасаңыздар, әйелдер мен балалар төсек-орын ретінде қамысты пайдаланған. Алайда оның жылуы алты-сегіз градустан жоғары көтерілмеген. Жақындарынан келген хатты күзеттегілер мазақ қылып, әйелдердің қолдарына емес, жанып тұрған оттың ішіне тастап жіберетін. Хаттың маңыздылығы соншалық, жанып тұрған оттан қолдарымен алып шығатын», - деді музей қызметкері.

Қайғы мен қасіретке толы мекен 1953 жылы Сталин қайтыс болған соң толығымен жойылды.