Ақтөбеде жауынгердің қазасына байланысты тергеу басталды
Ақтөбедегі әскери бөлімде жауынгер қазасына байланысты тергеу басталды. Гарнизон басшылығы сарбаздың суицид жасағанын растап отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Өзін атып өлтірді деген азамат биыл сәуірде әскер сапына алынған. Бейресми деректерге қарағанда, жігіт Отан алдындағы борышын өтеп жүргенде сүйіктісі тұрмысқа шығып кеткен көрінеді. Қаралы хабарды естіген бойда Ақтөбеге жеткен сарбаздың анасы ұлының өлімін әскердегі қызметімен байланыстырмайды. Денесінде ұрып-соғу белгілері жоқ деп отыр.
«Әскерге қатысты шағым айтпады. Бізбен тұрақты хабарласып тұрды. Қыздардың анасына айтатыным бар. Әскерде жүрген балаларға сырттағы жайсыз хабарды жеткізбей, тыныш жүрсін. Сараптама жасалмай тұрып, ұлымның мәйітін көрдім. Денесінде ешқандай дақ, ұрған белгі жоқ», - деді марқұмның анасы Ирина Боровец.