Дәретхана қағазының қымбаттағанын естімеппін, қазір тапсырма беремін – министр
Бүгін Сенат отырысынан кейін Сауда және интеграция министрі дәретхана қағазының қымбаттауына байланысты журналистердің сұрағына жауап берді деп хабарлады Elorda.info.
Журналистер министерден Қазақстандағы дәретхана қағазының қымбаттағанын айтып, тағы қандай тауарлардың бағасы өсуі мүмкін екенін сұрады.
Қағаз қымбаттағанын бірінші рет естіп тұрмын. Қазір тапсырма беремін. Кейін сұрақтарыңызға нақты жауап береміз, – деді Серік Жұманғарин Сенат кулуарында.
Оның айтуынша, елімізде тек әлеуметтік маңызға ие 19 тауардың бағасы ғана бақылауда.
Қандай тауарлар қымбаттауы мүмкін екенін айта алмаймын. Себебі, мыңдаған тауар бар. Біріншіден, бәрін бақылауға алуға мүмкіндік жоқ. Екіншіден, ешқандай қажеті жоқ. Қазір бізде әлеуметтік маңызы бар 19 тауар бар. Оларды біз бақылауға алдық, – деді Серік Жұманғарин.