Елімізде алқабилер қарайтын істердің санаттары көбейді
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заң екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлады Elorda.info.
Inform.kz жазуынша, заң жобасы Мемлекет басшысының осы жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 21-тармағына сәйкес дайындалды.
Еліміздегі алқабилер соты 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді және 15 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Бұл – біздің сот жүйесін дамыту бағытында өте маңызды қадам. Алқабилер соты қылмыстық процестің негізгі қағидаттарын: жарыспалық пен тараптардың теңдігі, кінәсіздік презумпциясын және басқа да қағидаттарды бекітуде маңызды оң рөл атқарады. Қазір алқабилер соты қараған істер бойынша 10 пайызына дейін ақтау үкімін шығарады. Ал жалпы соттарда бұл көрсеткіш 1,5-2 пайызды ғана құрайды, - деді ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов.
Оның айтуынша, алқабилердің қарауына жататын істер бойынша сотқа дейінгі тергеудің сапасы әлдеқайда жоғары. Тараптар сот талқылауында белсенділік танытады.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 2019 жылғы 27 желтоқсандағы заң аясында алқабилер соты қарайтын істер тағы 16 құрамға көбейтілді. Осы орайда келесі жылдан бастап алқабилердің қатысуымен аса ауыр қылмыстардың 31 құрамы қаралатын болады. Ал бүгін қаралып жатқан заң жобасында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алқабилер қарайтын істерді кеңейту және 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы 13 ауыр қылмыс құрамын беру ұсынылды, - деді Ә. Жүкенов.
Бұл Қылмыстық кодекстің:
- 116-баптың 2, 3-бөліктері (адамның дене мүшелерін заңсыз алу); 146-баптың 2, 3-бөліктері (азаптау); 249-баптың 2-бөлігі (рейдерлік); 317-баптың 4-бөлігі (медициналық қызметкердің әрекеттерінен абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу); 335-баптың 4-бөлігі (балықты заңсыз аулау); 337-баптың 4, 6-бөліктері (ауыр салдарға әкелген заңсыз аң аулау); 345-баптың 4-бөлігі (көлік құралын басқарғанда абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы); 345-1-баптың 4-бөлігі (көлік құралын мас күйде басқарып екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы); 346-баптың 5, 6-бөліктері (көлік құралын басқару құқығынан айырылған және мас күйде көлік басқарғанда адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы).
Жалпы алғанда, алқабилер соты қарайтын 44 құрам жататын болады. Алқабилер сотының соттылығын кеңейту сот жүйесін демократизациялауға ықпал етеді және қоғам жағынан сотқа деген сенімді едәуір арттыратын болады. Қылмыстық сот ісін жүргізудің басты қағидаттарын, яғни тараптардың жарыспалығын, кінәсіздік презумпциясын және сот төрелігінің басқа да негізгі қағидаттарын айтарлықтай іске асыруға мүмкіндік береді, - деді Ә. Жүкенов.