Алмасадам Сәтқалиев: «Самұрық-Қазына» қорының 10 триллион теңге қарызы бар
Бұл туралы бүгін ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Қазір қордың жалпы қарызы – шамамен 10 триллион теңге. Қарыздың ауқымды үлесі «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстан темір жолы» компаниясына тиесілі. Қордың одан басқа да борыштары бар. «ҚазМұнайГаз» компаниясына келетін болсақ, қаржы тиімді жобаларға тартылды. Мұнай бағасы айтарлықтай жоғары, сондықтан қарызды қайтару бойынша ешқандай күмән жоқ. Жобалар өзін-өзі ақтайды. Қордың өз қарызына келсек, қаржы «Қашаған» үлесін сатып алуға тартылды. Бұл үлес «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының базасы мен IPO-ға шығу мүмкіндігін ұлғайтады, - деді қор басшысы.
Алмасадам Сәтқалиев «Қазақстан темір жолы» компаниясының қарызы жайында да айтты.
«Қазақстан темір жолы» компаниясының облигацияларын сатып алдық. ҚТЖ желісі бойынша транзит аясы кеңейіп жатыр. ҚТЖ қызметінің Қытай, Еуропа бойынша ұлғаюын ескерсек, компания өз қарызын толық көлемде өтей алады деп есептейміз», - деді А.Сәтқалиев.