00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ералы Тоғжанов: Қазақтың қазанаты – ұлттық брендіміз

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Ералы Тоғжанов: Қазақтың қазанаты – ұлттық брендіміз
ашық дереккөз

«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» дегендей, қазақ жылқысының мініске төзімді, жүріске шыдамды, қашса құтылып, қуса жететін желқабыз жүйрігі – қазанаттың орыны қашанда бөлек. Дегенмен соңғы кездері қазақ жылқысының санын көбейтіп, сапасын өсіруге баса назар аударылған жоқ. Соның салдарынан Қостанай жылқысының тұқымы құрып кетуге шақ қалды. Осы жағдайға байланысты былтыр мемлекет жағынан арнаулы жоба жасалып, Қостанай жылқысын дамытуға пәрмен берілді. Мұндағы мақсат біреу ғана: әр мемлекеттің өзіне ғана тән ұлттық бренді болады. Еліміздің әлемге мақтануға лайық ұлттық брендінің бірі – осы қазақтың қазанаты. Біз осынау кең-байтақ жерімізді қазанатымыздың қара терін ағызып, қара тұяғын кетілте жүріп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалдық. Біздің бүгінгі ұрпақ қазақтың қазанатына қарыздар десек қателеспейміз. Сондықтан біз ел болып, жұдырықтай жұмылып, қазанаттың тұқымын сақтап қалуға күш салып, еліміздің жылқы шаруашылығын дамытуға ден қоюымыз керек, - деді Ералы Тоғжанов.

Қостанай жылқысы – бүгінгі таңда жоғалудың аз-ақ алдында тұрған жылқы тұқымдарының бірі. 1889 жылы патшалық Ресей өкіметі қазақтың қазанатын негізге ала отырып, Қостанай жылқы зауытын құрады. Екінші дүниежүзілік соғысқа, аштыққа, репрессияға қарамастан Қостанай тұқымының селекциясы үздіксіз жалғасты. 60 жылғы сұрыптау нәтижесінде 1951 жылы Қостанай жылқысы зауыт тұқымы ретінде танылады. Кеңес өкіметі уақытында Қостанай жылқысы КСРО-ның ең үздік жылқы тұқымдарының қатарына қосылды. Бүкілодақтық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы болған аттар да осы зауыттан шыққан. 1969 жылғы санақ бойынша саны 44 000-ға жеткен Қостанай жылқысының қазір саны мүлдем азайып, сапасы кері шегіне бастаған.

Қостанай жылқысын сақтап қалу жолындағы қадамдарымыз өткен жылы басталған. Ұлттық спорт қауымдастығы Қостанай жылқы тұқымын сақтау және дамыту туралы арнайы жиын өткізіп, жиналыстың шешімдері Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жеткізілген болатын. Нәтижесінде, Ералы Лұқпанұлы да бұл мәселеге жіті назар аударып, түйінді сұрақтың күрмеуін шешуге белсене кірісті. Аз уақыттан кейін Үкіметте Премьер-министр орынбасарының төрағалығымен Қостанай жылқысы тұқымын сақтау және дамыту бойынша үлкен жиын өтті. Пәрменді әрекеттер нәтижесінде, Қостанай жылқысын сақтап қалу, дамыту үшін арнайы жол картасы бекітілді.

Жылқының ішіндегі ең шомбалы, нағыз мықтысы, өрге салса төске озған, ешбір қоспасыз таза тұқымнан шыққаны – қазанат. Зерттеушілердің уәжіне жүгінсек, «Қазан» деген сөз бір жағынан «үлкен» деген мағына берсе, екіншіден қасиетті әрі тума деген ұғымды жеткізіп тұр. Қазанаттың дене бітімінен жүйріктік те, күш те бірдей сезіледі. Сырт келбеті де ер атына сай. Денесі үлкен, омырауы мен кеудесі кең, салпы ерінді, күпшек санды, тұяғы үлкен, жалпақ, шоқтығы биік, басы онша үлкен емес, тез семіретін, майды сыртына жинайтын, сазандай дөңгеленіп келген, мойыны жуан боған. Қазанат – ауыр сауыт киіп, қару асынған батырды көтеретін, жорықта ұзақ шыдайтын әскери мақсатқа арналған жылқы тұқымы. Сондықтан бұл жылқыны өсіру және оның тұқымын зерттеп-зерделеу ұлттық брендімізге жасалған үлкен қамқорлық.

                                                           Қалиакбар Үсемханұлы