Прокурор бес адамды атып өлтірген Дужновты өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады
Бейсенбі күні өткен сот отырысында прокурор Дужновты төтенше режимдегі колонияда мүлкін тәркілеусіз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұраған.
Еске сала кетейік, 2021 жылдың қыркүйегінде Алматының Ақбұлақ ықшамауданында 5 адамды атып тастаған Игорь Дужновтың ісі қоғамда резонанс тудырған болатын.
Оқи отырыңыз: Игорь Дужновтың қамауға алу мерзімі ұзартылды
5 адамды өлтірген алматылық атқыштың ісіне қатысты жаңа дерек шықты
20 қыркүйек күні кешке Алматы тұрғыны Игорь Дужнов өзінің отбасын үйден шығаруға келген адамдарға оқ жаудырған. Екі полицей, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі және оның өкілі қаза тапты.
Игорь Дужнов ұсталып, «Адам өлтіру» және «Құқық қорғау органдары қызметкерінің жеке өміріне қол сұғу» бабы бойынша қылмыстық істі тергеу басталды. Ол 20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Күдіктінің отбасына тиесілі үй бұрын банкке қарыз болғаны үшін сатылған. Бұрынғы қожайын сот шешімімен келіспей, көшкісі келмеген. Сот жаңа иесінің жағына шықты.
Тағы оқыңыз: 5 адамды атып өлтірген Дужнов Донбастағы соғысқа қатысқанын мойындады
Бұған дейін Дужнов адамдардың қазасына өкінетінін мәлімдеді. Ол «заңсыздық пен сот озбырлығы, сот орындаушының заңсыз әрекеттері» осындай күйге жеткізгенін атап өтті.
Оның әйелі Анаид Демирчян да мәлімдеме жасады. Ол мүліктің тиын-тебенге сатылып кеткенін айтты. Ол да сот орындаушысының әрекетіне шағымданды.
14 сәуірде Дужновтың оғынан қаза тапқан полицей Нұрбол Байғазиевтің жесірі Әлфия Байғазиева күдіктіден 1,38 миллион теңге материалдық шығын мен 1 миллиард теңге моральдық шығынды өтеуді талап еткен.