Қысқы киімдерді сақтау жолдары
1. Маусым соңында сүйікті пальтоңызда ұсақ ақаулар бар-жоғын тексеріңіз. Мысалы, ілгектері босап қалған немесе қалтаның іші жыртылған болуы мүмкін. Оларды киімді салып тастар алдында жөндеп немесе тігіп қойған жөн. Егер маусым бойы пальтоны жиі киген болсаңыз, оны химиялық тазалауға тапсыруға болады.
2. Пальтоны бүктеп жинамай, киім ілгішке іліп сақтаған дұрыс. Пальто пішінін жоғалтпас үшін оған ауа өтетін мата қап пен ұштары дөңгелектелген жалпақ киім ілгіш алған жақсы.
3. Қысқы күрткені салып тастар алдында міндетті түрде оны жуып алу керек. Күртке заттаңбасындағы күтімге қатысты ақпаратты зерттеңіз. Себебі кей күрткелерді кір жуғыш машинаға жуу ұсынылмайды. Киім кепкенше оны арасында сілкіп алып тұрыңыз, әйтпесе, мамық бір жерге жиналып қалуы мүмкін. Күрткелерді бүктеп жинап сақтауға болады, бірақ қатты тығыздап тастау ұсынылмайды. Күрткелерді де ауа кіретін мата қапта сақтаған жөн.
4. Жүннен тоқылған жемпірлерді әр кигеннен кейін жуудың қажеті жоқ. Оны киімге арналған щеткамен тазартып, балконға желдетіп алу жеткілікті. Тоқылған киімдерді жиі жусаңыз, олар жылдам тозып, түктеніп, пішінін жоғалтып алады.
5. Күйе көбелек киімдеріңізді бүлдірмес үшін 2-3 айда бір шкафтың ішін шаңсорғышпен сорып, ылғал шүберекпен сүртіңіз. Содан соң шкафтың есіктерін ашып қойыңыз: жәндіктер күннің көзінен қорқады.
6. Аяқ киімді салып тастамас бұрын оны жақсылап тазарту керек: табанын судың астында жуыңыз, ұлтарақты ылғал шүберекпен сүртіңіз және аяқ киімнің үстіне арнайы тазартатын көбік жағыңыз. Аяқ киімді тазартып болған соң, оны жақсылап кептіріп, крем немесе май жағыңыз.