СҚО-да су тасқынына жедел әрекет ету мақсатында 675 млн теңге бөлінді
СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, облыс әкімі көктемгі су тасқынына дайындалу, өткізу және облыс аумағында ықтимал залалды азайту жөнінде негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті. Өңірде жарияланған айлық аясында су тасқыны жолында орналасқан елді мекендер тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта өңірде көктемгі су тасқыны қатеріне жедел әрекет ету мақсатында 475 адам және 134 техникасы бар күш пен құралдардың тобы құрылды. Оның ішінде құтқарушылар, Ұлттық гвардияның сарбаздары және полиция департаментінің қызметкерлері бар.
Департаментте халықты тасымалдауға және эвакуациялауға арналған 10 вахтовка машинасы, жол талғамайтын 5 көлік, 5 жүзу құралы, 85 мотопомпа, 370 су өткізбейтін костюм және 416 адам сыятын 21 шатыр бар. Биыл да бұл техникалық ресурс су тасқыны болуы мүмкін елді мекендерге алдын ала жеткізілетін болады.
Ал су тасқыны күрделі өткен жағдайда жергілікті атқарушы органдар 2 мыңнан астам адамды, шамамен 1 300 техниканы шығармақ. Бұдан басқа 198 тонна жанар-жағар май, 30 мың тонна инертті материал және 36 мың қап дайындалды.
Былтыр көктемгі су тасқынымен күреске 504 млн теңге бөлінсе, биыл жергілікті атқарушы органдар резервінен 675,5 млн теңге бекітілді.