Белгілі қаламгер Кенжеболат Жолдыбай өмірден озды
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров өзінің facebook-парақшасында жазды.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Кенжеболат Жолдыбайдың өмірден мезгілсіз озуына байланысты марқұмның отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Қаламгеріміздің жарқын болмысы мен бейнесі қатары қалың оқырман қауымның есінде сақталады. Кенжеболат аға қазақ журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан зиялы жан, еліміздің ақпарат кеңістігінде өз ой-пайымы бар тұлға болды. Марқұмның жаны жанатта болсын! – деді министр.
Кенжеболат Жолдыбай әр жылдары Қарағанды облысы Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары, Жезқазған облыстық «Білім» қоғамы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымының төрағаларының орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ басқармасының басшысы, «Казахстанская правда» республикалық газеті бас редакторының орынбасары, «Заң АК» ашық акционерлік қоғамының Астана қаласындағы өкілдігінің жетекшісі, «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасының бірінші орынбасары, «Қазақпарат» ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті, «Sunna.kz» ақпараттық агенттігінің бас директоры, «Еуразия+ОРТ» бас директорының кеңесшісі, Республикалық «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті қызметтерін атқарды.
Elorda aqparat ЖШС ұжымы да марқұмның туған-туысқандарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.