00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада Ұлттық ұлан жыл қорытындысы бойынша әскери кеңес өткізді

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада Ұлттық ұлан жыл қорытындысы бойынша әскери кеңес өткізді
ашық дереккөз

Ұлттық ұланның баспасөз қызметінің мәліметінше, әскери кеңесте Ұлттық ұланның 2021 жылдағы қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеті қорытындыланып, Мемлекет басшысының Ұлттық ұланды сандық және сапалық жағынан нығайтуға қатысты жүктеген міндеттері ескеріле отырып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.

Отырысты ашқан Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов 2021 жылы Ұлттық ұланға артылған барлық міндеттер толық көлемде орындалғанын атап өтті.

Ұлттық ұланның жеке құрамы үшін қаңтар оқиғасы жауынгерлік әзірлік пен жауынгерлік қабілеттілікті сынау ғана емес, сонымен бірге моральдық күш-қуаттың да сынағы болды. Жауынгерлер қарулы лаңкестерге қарсы күресте алдыңғы шепте тұрып, негізгі соққыны өздеріне қабылдап, тікелей қауіпке қарамастан шабуылшы топтың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл болды, - деді генерал-майор Еркін Ботақанов.

Қайғылы қаңтар оқиғасында құқықтық тәртіп әскерінің 400-ден астам әскери қызметшісі әртүрлі дәрежедегі жарақаттар алды. Өкінішке қарай, қақтығыстар шығынсыз болмады, Ұлттық ұланның қос сарбазы: қатардағы жауынгерлер Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов қаза тапты. Біршама әскери техника, арнайы техникалар және байланыс құралдарына зақым келді.

Әскери кеңестің қорытындысы бойынша Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы ел Президенті – еліміздің Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының, Ішкі істер министрінің қоғам мен мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де заңсыз қол сұғушылықтардан қорғауға қатысты талаптарын орындау бойынша нақты міндеттер қойды, – делінген мәліметте.