1500 сарбаз ЖОО-да тегін оқуға сертификат алды
Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді еліміздің жоғары оқу орындарында тегін оқыту үшін өткізілген алғашқы іріктеудің қорытындылары шықты, деп хабарлады Elorda.info Қорғаныс министрлігінің сайтына сілтеме жасап.
Байқауға биылғы көктемде запасқа шығарылған азаматтар қатысты. Іріктеу әскери қызметшілер рейтингінің нәтижелері бойынша жүргізілді. Үміткерлердің жетістіктері мен кемшіліктері туралы барлық деректер министрлік сайтының «Срочники 2.0» цифрлық платформасында тіркелді.
Регламентке сәйкес взвод командирлері жауынгерлік дайындық журналдарын жүргізіп отырады. Онда әр жауынгердің нормативтерді орындау нәтижелері, тәртібі ескеріледі. Соның негізінде ай сайын барлық оқу пәндері бойынша әскери қызметшінің ағымдағы бағаларының рейтингі шығарылып отырады. Барлық деректер электронды платформада тіркеледі, - деді Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева.
Сарбаздарды жоғары оқу орындары мен мамандықтар бойынша бөлу "Срочники 2.0" ақпараттық жүйесінің көмегімен де автоматты түрде жүргізіледі.
Тікелей эфирдегі брифингте сарбаздарды олардың жеке рейтингіне қарай бөлу жүргізілді. Конкурстық іріктеуге барлығы 12 548 мерзімді қызметтің сарбазы қатысты.
ҰБТ сертификатына ұқсас QR-коды бар сертификаттар автоматты түрде жасалды. Оның қандай да бір жалған көшірмесін жасау мүмкін емес. Сарбаздар жоғары оқу орындарына түсу үшін берілген өз сертификаттарын «Срочники 2.0» платформасынан ала алады, - деді Қорғаныс министрлігінің аппарат басшысы полковник Ербол Құмарбекұлы.
Оған барлығы 1500 орын бөлініп отыр. Әскери қызметін өтеп, запасқа шығарылғандар үшін келесі іріктеу 2023 жылдың күзінде өтеді.