TIKA өкілі «Elorda Aqparat» медиакомпаниясының жұмысымен танысты
TIKA – құрылғалы бері әлеуметтік-гуманиртарлық салада 30 мыңға жуық жобаларды іске асырып, әлемнің 170 елінде өкілдігі жұмыс істейтін, Түркия Республикасының беделді ұйымдарының бірі. Түрік кеңесі, ТҮРКСОЙ, ИРСИКА, тағы басқа халықаралық ұйымдар мен бизнес-құрылымдардың қатарында елімізде жақсы танылып, көптеген игі шаралардың ортасында жүргені көпшілікке мәлім.
Құрметті қонақты үлкен ықыласпен қарсы алған компания басшысы Ерлан Қарабалаев Исмаил Гюрлек мырзаны ұжым қызметкерлерімен және жұмыс барысымен таныстырды. Отыз жылдан астам тарихы бар «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің тарихын баяндап берген «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков, газет тарихына шолу жасады:
Бүгінде саяси, тарихи, танымдық мақалалар қатары көбейіп, мәдени-рухани дүниелерімен оқырмандарын сүйсіндіріп келе жатқан газеттің қалыптасу жылдарына көз жүгіртсек, 1990 жылдың 13 қазанынан бастап алғашында «Ақмола ақиқаты» деген атпен аптасына бір рет жарық көрген басылым 1998 жылдың қаңтарында – «Ақмола ақшамы» сәл кейін «Астана ақшамы» атанып, республикалық қоғамдық-саяси газет мәртебесіне ие болды, - деді.
Компания құрылымының белді бөлігінің бірі – «Elorda.info» желілік басылымы. Бұл желілік басылым 2017 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Қазір тәулігіне жеті мыңнан астам оқырманның басын құрап отыр.
Біздің жалпы редакциялық саясатымыз елімізде, елордада және дүниеде болып жатқан жаңалықтарды өзекті мәселелерді оқырмандар талқысына салып, оны дер кезінде жариялап, хабардар ету. Үш әлеуметтік желіде парақшаларымыз арқылы сайтқа шыққан мақалаларды тартымды оқиғалардың дерегін халықтың тұрмысымен тығыз байланысты ақпараттарды салып, таратып отырамыз. Сонымен бірге YouTube каналымызды аштық. Оның мақсаты билік пен халық арасындағы көпір болып, жақындатып студиямызда аудан әкімдерін, басқарма басшыларын шақырып, қаланың тірлігіне қатысты мәселелерді көтеріп келеді. Қазіргі кезде қаралымымыз 100 мыңнан асты. Бұл біз көтерген мәселердің өзектілігін білдіреді, - деді «Elorda.info» сайтының бас редакторы Дулат Төлепов.
Исмаил бей одан кейін студиямызда болып, ұжым қызметкерлеріне тілегін білдіріп, жаңа жылда табыс тіледі. Басқосу әрі қарай «Астана ақшамы» газетінің редакциясында жалғасты. Ұжым басшысы Ерлан Қарабалаев басылымның алдағы жоспарлары жайында айтып өтіп, түбі түркі бауырлас халықтардың арасында ізгілік шараларын жүргізіп жүрген ұйымның қызметіне баға берді. Және алдағы уақытта компания тарапынан ақпараттық қолдау жасап, серіктестік-әріптестік мақсаттағы бірлескен жобалардың болатынына сенім білдірді.
Орта Азияның інжу-маржаны, дос және бауырлас ел Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Біз бірге әлі талай керемет және бейбіт күндердің куәсі боламыз деп сенемін. Бұл ТИКА басшылығымыз жүзеге асырып жатқан жобалар арқылы бауырластығымыз нығаятын және тәжірибе алмасуымыз арта түсетін кезең болады деп үміттенемін. Осы орайда мен дос және бауырлас Қазақстан Республикасын және оның қадірлі халқын жаңа жылымен құттықтай отыра, бар жақсылық пен ізгі тілектерді тілеймін. Осында, атажұртымызда қызмет етіп жатқаныма өте қуанышты екенімді және алғысымды білдіргім келеді, – деді И.Гюрлек.
Жыл соңында болған жылы кездесуде Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) Қазақстандағы координаторы Исмаил Гюрлек мырза «Elorda Aqparat» медиакомпаниясының қызметкерлерімен танысқанына қуанышты екенін білдіріп, медиа саласында жемісті жобаларды бірге атқаратын айтты.
Сөз соңында желтоқсан айының басында TIKA агенттігінің қолдауымен Анкара қаласында болып, жаңа медиа бойынша журналистердің білімін көтеру бойынша бір апталық тренингке қатысып келген «Астана ақшамы» газетінің шолушысы Айгүл Уайсова өз ойын былайша білдірді:
Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі мен Түркияның «ТРТ» телерадиокомпаниясының бірлескен жобасы бойынша Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан журналистерінің бір тобы Анкарада өткен тренингке қатыстық. Қазіргі заманғы жаңа медианың бағыты мен ақпарат алаңындағы әлеуметтік медианың алатын орны мен тиімді серіктестік жолдары туралы талқыладық. Жаңа медианың жақын болашақтағы көрінісі, уақытпен бірге қадам жасау үшін өз нысанамызды белгілеуге көп әсері болды. ТИКА-ның бұл мәселеде бір туыс түркі елдердің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің бір алаңда жинауы еді. Осы арқылы таныстығымыз артып, жақындай түстік. Алдағы уақытта осы елдердегі әріптестеріміздің дамуы барысын, оқиғаларын түп деректен алып қаныға аламыз. Бұл да шақырушы елдің ізгілікті мақсаты болса, біздер оның жемісіне бірге қол жеткіземіз деп ойлаймыз.
Кездесу соңында Исмаил Гюрлек мырза ежелгі түркі тектес халықтарының ортақ қазынасы Жүсіп Баласағұнның еңбегін сыйға тартты.